Шымкентте сарышаян шағу деректері жиілеген
Шымкентте жыл басынан бері 139 тұрғын сарышаян шағуынан медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде 37 науқас стационарлық ем қабылдап, қалғандары амбулаториялық жағдайда емделген, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккендердің арасында 14 жастағы жасөспірім де бар. Ол аяқ-қолы ұйып, тыныс алуы қиындаған жағдайда ауруханаға жеткізілген. Тиісті ем қабылдағаннан кейін жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды.
Мамандар сарышаян шаққан кезде өзін-өзі емдеуге болмайтынын ескертеді. Мұндай жағдайда шаққан жерді таза сумен жуып, салқын компресс басып, зақымданған аяқ-қолды қозғалтпай, мүмкіндігінше тез арада дәрігерге қаралған жөн.
Дәрігерлердің айтуынша, сарышаян уы қатты ауырсыну, бас айналу, құсу, бас ауруы және дененің құрысуы сияқты белгілерді тудыруы мүмкін. Әсіресе балалар, егде жастағы адамдар және созылмалы аурулары бар азаматтар үшін оның әсері қауіпті болуы ықтимал.
Тұрғындарға шөп-қамысы қалың жерлерде сақ болу, жабық аяқ киім кию, далада қалған киім мен аяқ киімді кимес бұрын мұқият тексеру, сондай-ақ үй маңын қоқыстан тазартып, жарықшақтар мен саңылауларды бітеп отыру ұсынылады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз