Қазақстандық брендтер әлемдік нарыққа жол ашуда
Алматы Қазақстанның сән астанасы ретіндегі орнын нығайтып келеді. Бүгінде отандық дизайнерлер халықаралық подиумдарды бағындырып, қазақстандық брендтер әлемдік нарықта өз орнын таба бастады. Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп те тұрақты өсім көрсетіп, ел экономикасының маңызды драйверлерінің біріне айналуда, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Бұл туралы Қазақстанның Жеңіл өнеркәсіп күніне орай өткен брифингте Kazakhstan Fashion Week атқарушы директоры Ботагөз Алдоңғарова мәлімдеді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 259,5 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 13,2 пайызға өскен. Оның ішінде тоқыма өндірісі 159 млрд теңгені, киім өндірісі 84 млрд теңгені, былғары өнімдері 17 млрд теңгеден астам көлемді құрады.
Қазір елде жеңіл өнеркәсіп саласында 1400-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – шағын және орта бизнес өкілдері. Салада 28 мыңға жуық адам еңбек етеді, олардың шамамен 60 пайызы әйелдер.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары ішкі нарықтағы қазақстандық өндірушілердің үлесі де артып келеді. Егер бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш 5 пайыз шамасында болса, бүгінде 8,1 пайызға жеткен. Ал ішкі нарықтың жалпы көлемі 1,87 трлн теңгеге бағаланады.
Саланы дамыту үшін жаңа өндірістер ашылып жатыр. 2025–2026 жылдары тоғыз инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Соның нәтижесінде 600 жаңа жұмыс орны құрылады. Ал соңғы бес жылда жүзеге асқан 40-тан астам жоба үш мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыған.
Қазақстан сән индустриясының басты ерекшелігі – ұлттық мәдениеттің заманауи сәнмен үйлесуі. Бүгінде дизайнерлер топтамаларында қазақтың ою-өрнегін, киіз өнерін, кесте мен зергерлік дәстүрлерін кеңінен пайдаланып жүр. Бұл қазақстандық брендтердің халықаралық нарықтағы ерекшелігін айқындайтын басты факторлардың біріне айналды.
«Қазақстандық сән бүгінде халықаралық деңгейде өз орнын қалыптастырып келеді. Дизайнерлеріміз әлемдік трендтерді ұлттық мәдени кодпен ұштастырып, өзіндік стиль қалыптастыруда», – деді Ботагөз Алдоңғарова.
Соңғы жылдары Kazakhstan Fashion Week тек сән көрсетілімдері өтетін алаң ғана емес, жас дизайнерлерді қолдайтын, халықаралық әріптестікті дамытатын және өңірлік креативті индустрияны ілгерілететін кәсіби платформаға айналған. Бүгінде көрсетілімдер Алматы мен Астанадан бөлек Ақтау, Шымкент, Ақтөбе және Қостанай қалаларында да өткізіледі.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда толық циклді ұлттық сән индустриясын дамытуға барлық мүмкіндік бар. Мақта өсіруден бастап мата өндіру, киім тігу және халықаралық нарыққа бренд шығару тізбегін қалыптастыру елдің сән және жеңіл өнеркәсіп саласын жаңа деңгейге көтеруі мүмкін. Алматы болса осы өзгерістердің негізгі орталығы болып қала береді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз