Каппадокияда жартас опырылып, үш адам қаза тапты
Түркияның туристер көп баратын Каппадокия аймағында табиғи жартас опырылып, үш адам қаза тапты, тағы бес адам жарақат алды, деп хабарлайды ZontNews.kz Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға 29 қазанда Невшехир провинциясындағы Гөреме ашық аспан астындағы музейінің маңында болған. Нөсер жауыннан кейін «сиқырлы мұржа» деп аталатын табиғи жартас құрылымынан ірі тастар бөлініп, сол маңда жүрген адамдардың үстіне құлаған.
Оқиға орнына полиция, жандармерия, AFAD құтқарушылары мен медицина қызметкерлері жұмылдырылды. Үйінді астынан үш адамның денесі табылды. Жарақат алған бес адам ауруханаға жеткізілді. Олардың төртеуі емделіп шыққан, бір адам ауруханада қалған.
Іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды. Алдын ала болжам бойынша, жартас нөсер жауынның салдарынан опырылған. Түркияның Әділет министрлігі қайғылы оқиғаға байланысты тергеу басталғанын мәлімдеді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз