Бейсенбі, 5 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    8°C
    • Астана
      -1°C
Ру

Атырауда 90 жастағы қария ұлын сотқа берді

Фото көзі: : ЖИ
ZontNews.kz
Қаз. 20, 2026, 10:35 Т.Ж.

Атырау облысында туған ұлы ұрып-соғып, үйге қамап қойды деген 90 жастағы қарияның денсаулығы сот процесі басталар алдында күрт нашарлаған. Қазір ол болған оқиғаны есіне түсіре алмай отыр, деп хабарлайды ZontNews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Оқиға жазда Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында болған. Әділхан есімді ақсақал кенже ұлының үйінде соққыға жығылып, бірнеше сағат бойы ас-сусыз қамалғанын туыстарына айтқан. Қария түн ішінде терезеден шығып, көрші тұратын туысының үйіне қашып барған. Сол кезде оның денесінде жарақаттар болған.

Ақсақалдың қарындасы Кенжетай Сисенованың сөзінше, ол ағасын үсті-басы қан болған күйде көрген. Сондай-ақ қарияның ұлы жедел жәрдем қызметкерлерінің көзінше әкесіне қоқан-лоқы көрсеткенін айтады.

Қарияның немересі Сәуле Әділхан атасының бұған дейін өздігінен жүріп-тұрғанын және сотқа өзі барып, болған жайтты баяндауға дайындалғанын жеткізді. Алайда соңғы уақытта денсаулығы сыр беріп, есте сақтау қабілеті нашарлаған.

Ал айып тағылған ұлы өзіне қатысты айтылғандарды жоққа шығарып, мұның барлығын жала деп атады. Оның айтуынша, ол әкесіне 20 жылдан астам уақыт қамқорлық жасаған. Сондай-ақ сараптама қорытындысында қарияның денсаулығына ауыр зиян келмегені көрсетілгенін алға тартты. Сот процесі аяқталмағандықтан, істің мән-жайына қатысты әзірге толық пікір білдіре алмайтынын мәлімдеді.

Қарияның туыстары оқиғаның жан-жақты әрі әділ тексерілуін талап етіп отыр. Қылмыстық іс Қызылқоға ауданында болғанымен, Атырау облыстық сотының шешімімен Жылыой аудандық сотында қаралады.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз