Қазақстанда пәтер сатқанда салықты кім және қанша төлейді?
Қазақстанда пәтер сатып алған бағадан қымбатқа сатылса және белгіленген иелік ету мерзімі аяқталмаса, жеке табыс салығын төлеу қажет, деп хабарлайды ZontNews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
2026 жылғы 1 қаңтардан кейін рәсімделген баспананы салықсыз сату үшін оған кемінде екі жыл иелік ету керек. Ал осы күнге дейін алынған жылжымайтын мүлікке бір жылдық мерзім қолданылады. Иелік ету мерзімі сатып алу-сату шарты жасалған күннен емес, меншік құқығы мемлекеттік тіркелген кезден есептеледі.
Салық пәтердің толық сату бағасынан емес, сатып алу және сату құны арасындағы пайдадан алынады. Құн өсімі 8 500 АЕК-ке, яғни 2026 жылы 36 762 500 теңгеге дейін болса, мөлшерлеме 10 пайызды құрайды. Осы межеден асқан бөлігіне 15 пайыз қолданылады.
Мысалы, пәтер 40 млн теңгеге сатып алынып, 50 млн теңгеге сатылса, 10 млн теңге пайдадан 1 млн теңге салық төленеді.
Сатушы келесі жылдың 15 қыркүйегіне дейін 270.00 нысанындағы декларацияны тапсырып, салықты 25 қыркүйекке дейін төлеуге тиіс. Декларацияны eGov, Салық төлеушінің кабинеті немесе E-Salyq Azamat арқылы ұсынуға болады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз