Сенбі, 21 Наурыз 2026 г.

$ 481.88
556.79
5.72
  • Алматы
    15°C
    • Астана
      5°C
Ру

Күлпаш Булатова: Ғылымға жолым саналы таңдау болды

Фото көзі: : ашық дереккөздерден
ZontNews.kz
Наурыз 11, 2026, 1:16 Т.Қ.
0
71

ҚазЕжӨШҒЗИ-ның Өсімдіктерді молекулярлық-биологиялық талдау зертханасының басты ғылыми қызметкері Күлпаш Мансұрқызы Булатова ғылымға қалай келгенін, алғашқы тәжірибелерін, кәсіби қиындықтар мен жетістіктерімен бөлісті. Сұхбаттан оның ғылыми жолындағы табандылығы мен зерттеушілік ұстанымын байқауға болады.

– Күлпаш Мансұрқызы, сіз ғылымға қалай келдіңіз? Бұл саналы түрде жасалған таңдау болды ма, әлде кездейсоқтық па?

– Биология мен химияны таңдауым, менің ойымша, орта мектеп кезінен-ақ қалыптасты. Мектепті бітіргеннен кейін мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің биология-химия факультетіне оқуға түстім. 1972 жылы мұғалім дипломын алғаннан кейін мектепте 9 жыл жұмыс істедім. Кейін белгілі бір жағдайдың өзгерісіне байланысты  В.Р. Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының өсімдіктер биохимиясы мен физиологиясы зертханасына уақытша аға лаборант қызметіне қабылдандым. Бұл зертхананы биология ғылымдарының докторы, профессор Юрий Викторович Перуанский басқарды.

Неліктен өсімдіктердің биологиялық талдаулары сіздің өмірлік ісіңізге айналды?

– Институттың селекциялық бөлімдері фермерлердің егіс алқаптарында өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын жасайды.

Әдетте сорттардың бастапқы негізі болып табылатын селекциялық линиялар алдымен көзге көрінетін, морфологиялық және өлшенетін белгілері бойынша бағаланады.

Ал биологиялық талдаулар өсімдік ағзасының молекулалық деңгейдегі ерекшеліктерін анықтауға, оның күшті және әлсіз жақтарын, сондай-ақ биологиялық құндылығын тереңірек тануға мүмкіндік береді.

Ғылымдағы алғашқы күніңіз есіңізде ме? Сол кезде қандай сезімдер мен үміттер болды?

– Ғылымдағы алғашқы күнім мектептегі жұмысыммен салыстырғанда мүлде өзгеше әсер қалдырды. Мектепте мен өзім оқытушы болсам, институттың зертханасында керісінше, мені жұмыс барысымен таныстыра бастады. Маған зертханалық кабинеттерді көрсетіп, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықпен және сол кезеңде қолданылған зерттеу әдістерімен таныстырды.

Сонымен қатар, сол сәтте бұл ғылым әлеміне ашылған алғашқы есік екенін түсіндім. Бұл өсімдік ағзаларының өсуі мен тыныштық кезеңдеріндегі терең қасиеттерін зерттеуге жол ашатын жаңа мүмкіндіктердің бастауы еді.

Ғылыми жолыңызда ең үлкен қиындықтар қандай болды және оларды жеңуге не көмектесті?

– Ең үлкен қиындықтар Кеңес Одағы тараған кезеңде болды. Бұл тек ғылым саласы үшін ғана емес, барша қоғам үшін өте ауыр кезең еді.

Дегенмен жарқын болашаққа деген сенім және уақыт өте келе ғылыми жұмысқа қажетті жағдайлардың біртіндеп қалыпқа келе бастауы зерттеулерді жалғастыруға мүмкіндік берді.

Бүгінде сіз үшін ғылым  мамандық па, қызмет пе, әлде өмір салты ма?

– Мен мамандығым бойынша әлі де оқытушымын, өйткені өзім жақсы білетін білімімді үнемі басқаларға үйретіп келемін. Сонымен қатар ғалымдар тобымен бірге ғылыми зерттеулер жүргіземін. Сондықтан мен ғылымға қызмет етіп жүрмін деп есептеймін.

Қоғам мен ел үшін өз жұмысыңыздың мәнін неден көресіз?

– Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы айтқандай:

Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де -  бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан!

Осы даналық сөздер менің ғылыми жолымның мәнін айқындайтындай. Әр адам қоғамда өз орнын тауып, ел дамуына аз да болса үлес қосуы керек деп ойлаймын. Мен үшін бұл – ғылым арқылы қызмет ету.

Мен өз еңбегімнің мәнін дәл осы оймен байланыстырамын. Ғылым жолында еңбек ете отырып, жетілдірілген ауыл шаруашылығы сорттарын жасау әдістемесін дамытуға аз да болса үлес қосып, ғылымның алға жылжуына септігімді тигізіп жүрмін деп ойлаймын. Бұл – қоғам мен ел дамуына қызмет етудің бір жолы.

Егер жас ғалымдарға бір кеңес беруге мүмкіндік болса, ол қандай болар еді?

– Уақыттарыңызды жоғалтпаңыздар, таңдаған ғылым саласыңызда өзін-өзі дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді барынша пайдаланыңыз. Ағылшын тілін үйреніңіз. Қазіргі таңда жас ғалымдарға бізді қоршаған табиғаттың құпияларын зерттеудің барлық жолдары ашық деп айтар едім.

 

 

 

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз