Алматыдағы қанды төбелес екі жастың өмірін қиды: туыстары шындықты талап етуде
Алматыда жаппай төбелестен көз жұмған екі бозбала соңғы сапарға шығарып салынды. Қайғыдан қан жұтқан жақындары олардың өліміне қатысты бұрын айтылмаған жайттарды бөлістімі, деп хабарлайды ZontNews.kz. КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қаза тапқандардың бірі – 17 жастағы Дінмұхаммед Есенкелді. Ол болашақта тергеуші болуды армандап, заң факультетіне оқуға түскен. Алайда туыстарының айтуынша, «ақкөңіл, арманы асқақ» жігіттің өмірі қайғылы жағдайда қиылды. Әкесі Натан Әбдірасылов ұлының денесін мәйітханадан өзі алып кеткен. Сол кезде оның жүрек тұсы мен иығында пышақ жарақаттары болғанын көрген.
«Таңғы сағат тоғыздар шамасында суық хабар жетті. Кешке жұмысқа кеткен баламнан осылай айырылып қалдым», – дейді ол.
Марқұмның әпкесі Айдана Есенкелдінің айтуынша, Дінмұхаммед өлімінен бір апта бұрын өзін Әкежан есімді жігіттің қудалап, ақша бопсалап жүргенін айтқан. Оның сөзінше, бұл жағдай қайғылы оқиғаға тікелей байланысты болуы мүмкін.
«Аптасына 5 мың теңге талап еткен. “Ешкімге айтпа, өзім шешем” деді. Сол кезде әрекет еткенімде, інімді аман алып қалар ма едім... Қазір бес мың теңге үшін адам өлтіретін заман болды», – дейді ол көзіне жас алып.
Әзірге төбелестің нақты қай жерде және неден басталғаны белгісіз. Жанжал шықты делінген компьютер клубы жабық тұр. Ал маңайдағы дүкен қызметкерлері оқиғадан кейін қан іздерін байқағандарын айтады.
Полиция бұл іс бойынша кінәлілердің жауапкершіліктен құтылмайтынын мәлімдеді. Қанды оқиғаға қатысты тергеу Ішкі істер министрлігінің бақылауында.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз