Сәрсенбі, 4 Ақпан 2026 г.

$ 503.05
595.85
6.55
  • Алматы
    1°C
    • Астана
      -21°C
Ру

Білім мен тәжірибені біріктірген педагог – Назгуль Сагинаева

Фото көзі: Фото из личного архива
ZontNews.kz
Қаң. 16, 2026, 3:05 Т.Қ.
0
100

Сагинаева Назгуль Сексенбаевна Қарасай ауданы, Алматы облысы, Кемертоған орта мектебінде білім береді. Өз тәжірибесінде ол әрбір оқушының жеке қасиетін, қызығушылығы мен мүмкіндігін бағалап, олардың дамуына мүмкіндік беруге тырысады. Назгуль Сексенбаевна өз оқу жолын, педагогикалық көзқарасын және сабақ берудегі әдістемесін бөлісіп, заманауи білім беру процесінде мұғалімнің рөлі қандай маңызды екенін көрсетеді. Бұл оқу жылы Назгүл Сексенбаевна үшін ерекше жауапты кезең  ол өз түлектерін үлкен өмірге шығарып салуда, деп хабарлайды ZontNews.kz

– Назгуль Сексенбаевна, сіз қай жерде және қалай оқыдыңыз? Сіздің оқу жолыңыз педагогикалық тәжірибеңізге қалай әсер етті?

– Мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (ҚазҰПУ) 2004–2008 жылдар аралығында физика пәні бойынша инженер-физик мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін тәмамдадым. Осы білімім мені ғылымға деген терең қызығушылыққа жетелеп, болашақ кәсіби бағытты айқындады.

Содан кейін 2014–2016 жылдар аралығында жаратылыстану ғылымдары магистрі бағдарламасы бойынша оқуымды аяқтап, физика саласындағы білімімді әрі қарай тереңдеттім. Бұл кезең менің педагогикалық және зерттеу қабілеттерімді қалыптастыруда маңызды рөл атқарды – теория мен практика арасындағы байланысты түсініп, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен сабақ беру әдістемесін кәсіби деңгейде игеруге жол ашты.

Мен білім алған ортамды әрдайым ризашылықпен еске аламын. Оқыған орным маған тек теориялық білім ғана емес, өмірлік бағыт берді. Университет қабырғасында мен педагогиканың мәнін, баланың жан дүниесін түсінуді, әр оқушыға жеке тұлға ретінде қарауды үйрендім. Дәрістермен қатар өткен тәжірибелік сабақтар, мектептегі іс-тәжірибе мені болашақ мамандыққа біртіндеп дайындады.

Оқу жолым маған шыдамдылықты, жауапкершілікті және үнемі ізденісте болуды үйретті. Әрбір көрген ұстазымнан, әрбір өткен сабағымнан өзіме сабақ алдым. Сол себепті бүгінгі педагогикалық тәжірибемде алған білімім мен сол жылдардағы әсерлердің ізі анық байқалады: мен оқушыны тыңдай білетін, түсінуге тырысатын, білімді жүрекпен жеткізетін мұғалім болуға ұмтыламын.

– Сізді мұғалім болуға не немесе кім шабыттандырды?

– Мені мұғалім болуға бір ғана сәт емес, көптеген жылы әсерлер шабыттандырды. Ең алдымен, өз ісін шын жүрегімен сүйетін ұстаздарым. Олар тек пән үйретіп қана қоймай, адам болуды, ойлануды, армандауды үйретті. Сабақ үстіндегі бір ауыз қолдау, сенім білдірген көзқарас, «сенің қолыңнан келеді» деген сөздер жүрегімде ұзақ сақталды.

Сол ұстаздарымның арқасында білімнің жай ақпарат емес, жарық екенін түсіндім. Ал сол жарықты өзгелерге жеткізу – үлкен бақыт. Сондықтан мұғалім болу мен үшін мамандық қана емес, аманат, жүректен шыққан таңдау.

– Сынып жетекшісі ретінде жұмыс істегенде күш-қуат жинап, демалуға қалай уақыт табасыз?

– Сынып жетекшісі ретінде жұмыс істеу – жүрек пен жанды жұмсауды талап ететін жауапты іс. Сондықтан күш-қуат жинап, демалуға уақыт табу мен үшін тек қажеттілік емес, өзімді жақсы сезіну мен оқушыларға сапалы көңіл бөлу үшін маңызды тағы бір бөлік.

Мен күш-қуатымды былай жинаймын:

Табиғатпен тынығамын – таза ауа, жасыл желек, дала бойымен серуен менің ішкі тыныштықты қалпына келтіреді. Жақсы кітап оқимын, әртүрлі жанрлардағы әңгімелер мен классикалық шығармалар маған жаңа ой береді, күнделікті күйзелісті сейілтеді. Үзіліс жасап, сүйікті әуен тыңдаймын, музыка жүректі жылытып, көңіл күйді көтереді. Отбасыммен және достарыммен уақыт өткіземін, шынайы сөйлесіп, күлкі бөлісу – ең үлкен демалу.

Күн тәртібімді жоспарлаймын – тапсырмалар мен бос уақытты теңестіріп, өзіме де уақыт бөлемін.

Осылайша мен жүрегімде сүйіспеншілік пен шабыт сақтап, әрбір жаңа күнге қуана кірісемін. Себебі қуанышты мұғалім – өз оқушыларына ең үлкен сый!

– Осы сыныпты сіз қалай есте сақтайсыз – оны басқа сыныптардан не ерекшелендіреді?

– 3 жыл бойы сынып жетекшілік етіп келе жатқан сыныбымды мен жылы естелікпен, ерекше ықыласпен және шынайы сыйластықпен есімде сақтаймын. Бұл сынып – жай ғана топ емес, бір-біріне қолдау көрсететін, бірге қуанып, бірге жетілетін кішкентай отбасы секілді.

Оны басқа сыныптардан мыналар ерекшелендіреді:

Біз бір-бірімізді тыңдап, әрқайсымыздың пікірімізді, сезімімізді бағалай білеміз. Қиындықтарда бірге қолдау көрсетіп, қуаныштарда бірге қуана білеміз. Сабақ барысында тек білім ғана үйреніп қоймай, өмірлік құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді бірге жетілдіріп келеміз. Әрбір оқушының даралығы мен талпынысы маған шабыт берді – бұл сыныпта ешкім өзін көлеңкеде сезінбейді.

Бұл сыныппен өткен 3 жыл – мен үшін жүрекке жылы, кәсіби тұлға ретінде өсу жолындағы маңызды кезең. Оқушыларымның әрбір жетістігі мені қуантады, ал қиын сәттер – бірге еңсерілген ортақ тәжірибе. Осылайша олар менің педагогикалық жүрегімде мәңгілік із қалдырды.

– Бұл сыныппен жұмыс істегенде ең қиын және ең қуанышты сәттер қандай болды?

– Бұл сыныппен жұмыс істегенде ең қиын сәттердің бірі – сыныптарымыздың бірнешеуі бірігіп, жаңа оқу ортасына бейімделу кезеңі болды. Әр сыныптың өз ерекшелігі, оқу деңгейі мен мінезі бар еді, сондықтан оны бір ритмге келтіру, бір-бірін түсініп, сыйлауға үйрету бастапқыда оңай болған жоқ. Бұл –   көп деңгейлі сыныптарда оқытудың табиғи қиындығы, өйткені әр оқушының қажеттілігін ескеріп, әділ әрі тиімді сабақ ұйымдастыруды талап етеді. Осындай сабақтарда үйлестіру мен жоспарлауға көбірек күш пен шыдамдылық қажет болды, бірақ дәл осы тәжірибе мені кәсіби тұрғыдан шыңдады.

Ал ең қуанышты сәттеріміз – барлығымыздың бірге жетістікке жеткенімізде пайда болды: Балалардың бір-біріне қолдау көрсетіп, жаңа достықтар орнатқаны, біріккен сыныптарда бірге қиын тапсырмаларды жеңгендері,
күлкі мен жетістікті бөліскен сәттер – бәрі жүрекке ерекше жылылық сыйлады.

Осы біріккен уақыт бізді бір орталыққа тоғыстырып, әрқайсымыздың мейірімділік пен төзімділік сияқты құндылықтарды күшейтті. Қиындықтарды бірге еңсеру – ең үлкен қуаныштың бастауы екенін түсіндім. Осы жолдағы әрбір күнім – мен үшін баға жетпес тәжірибе және шиыршықтай жинақталған қымбат естелік.

– Қай уақытта сіз оқушылардың нағыз ересек болғанын сездіңіз?

– Мен оқушылардың нағыз ересек болғанын 11 сыныпқа аяқ басып, қосымша курстарына оқу білім өздеріне керек екендігі, олар өздерінің қиындықтарын өздері еңсеріп, жауапкершілікті өз иығына ала бастағандықтарын көргенде түсіндім. Бұл тек оқу тапсырмаларын орындау ғана емес –  өз пікірін ашық жеткізу, қателігін мойындау, бірге шешім табу, және ең бастысы – өзгенің сезіміне құрметпен қарау секілді әрекеттер арқылы көрінді.

Мен үшін шынайы ересек болу – бұл тек жастыққа толу емес, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіру, қиындықты жеңуге деген сенімділік пен өз ісіне жауап беру қабілеті. Бірде сыныптастар үлкен жобаны бірге орындағанда, өзара дәлелдеп, тыңдап, келісімге келе алған сәттерде мен олардың қаншалықты өсіп, түсінікті, саналы және өз мақсаттарына жетуге дайын екенін сездім.

Осылайша, менің көзімде олар жай ғана оқушылар емес, жауапты, саналы әрі мейірімді жандар.

– Бұл сыныптың қандай қасиеттері оларға болашақ өмірде көмектеседі деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, бұл сыныптың қасиеттері оларға болашақ өмірде мықты тірек болатын дағдыларды береді: жауапкершілік пен ұйымшылдық, бір‑бірімен түсінісу мен бірге жұмыс істеу қабілеті, ашық әрі тиімді қарым‑қатынас жасау дағдылары – осының бәрі келешекте кез келген ортада, өмірде өзін сенімді ұстап, қиындықтарды еңсеруге көмектеседі.

– Егер сіз оқушыларға бір ғана басты кеңес бергіңіз келсе, ол қандай болар еді?

– Егер мен оқушыларыма жалғыз ғана басты кеңес берсем, олар өздеріне сеніп, әр күн сайын кішігірім өзгерістер жасауды тоқтатпаңыздар деген болар едім. Себебі білім – бұл бір күндік жеңіс емес, үнемі ізденіс пен табандылық жолы, ал өзіңізге сенім мен күш‑қуат сол жолда сіздің ең үлкен тірегіңіз болады. «Табыстың кілті – бүгінгі таңдаған әдеттерің мен тойтармайтын талпынысың» дегендей, кішкентай қадамдар да үлкен мақсаттарға жеткізеді.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз

Сізді де қызықтырады