Аграрлық зерттеулердің болашағы академик пайымында
Жыл сайын 10 қарашада Бейбітшілік пен даму үшін дүниежүзілік ғылым күні аталып өтеді. Бұл күн жаһандық мәселелерді шешуде, адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуда және тұрақты болашақты қамтамасыз етуде ғылыми білім мен зерттеулердің маңызын еске салады.
Бұл ретте аграрлық ғылымның орны ерекше. Себебі елдің азық-түлік қауіпсіздігі, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы оның жетістіктеріне тікелей байланысты.
Климаттың өзгеруі, су қорының азаюы және жердің тозуы Қазақстанды ауыл шаруашылығына қатысты қалыптасқан тәсілдерді қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Ғалымдар жаңа жағдайларға төтеп бере алатын дақылдарды анықтап, әрбір текше метр суды тиімді пайдалану жолдарын және цифрлық технологиялардың осы үдерістегі рөлін зерттеуі қажет.
Отандық ауыл шаруашылығының болашағы туралы ZontNews.kz ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, белгілі селекционер-ғалым Ғалиолла Төлендіұлы Мейірманмен әңгімелесті.
– Ғалиолла Төлендіұлы, алдағы он жылда Қазақстан үшін аграрлық зерттеулердің қандай бағыттары маңызды болады?
– Бүгінгі басты жаһандық мәселе – климаттың өзгеруі. Оның салдарын қазірдің өзінде сезіп отырмыз: қуаңшылық ұзарып, суаруға пайдаланылатын су көлемі азаюда. Бұл мәселе Қазақстан мен Орталық Азияның басқа мемлекеттері үшін айрықша өзекті.
Біздің міндетіміз – ауыл шаруашылығын өзгерген табиғи жағдайларға бейімдеу. Ең алдымен егіс алқаптарының құрылымын қайта қарау қажет. Қазір Қазақстанда жыл сайын шамамен 21–22 миллион гектар жерге егін егіледі. Қуаңшылық күшейген жағдайда осы жерлерге қандай дақылдарды орналастырған тиімді екенін анықтауымыз керек.
Барлық ауыл шаруашылығы дақылдарын қуаңшылыққа төзімділігі бойынша жіктеу қажет. Мысалы, кең таралған дәнді дақылдардың арасында арпа бидайға қарағанда қуаңшылыққа әлдеқайда төзімді. Бидайдың жаңа сорттарын шығарған күннің өзінде олардың төзімділігін арпаның деңгейіне жеткізу қиын.
Сондықтан ылғал аз болған жағдайда да өнім бере алатын дақылдардың егіс көлемін арттыру қажет. Олардың қатарына тары, құмай, судан шөбі, күнбағыс және қуаңшылыққа төзімді басқа да өсімдіктер жатады.
Алайда мұндай шешімдер терең ғылыми негіздемені талап етеді. Бір дақылдың егіс көлемін арттыру үшін басқа бір дақылдың алқабын қысқартуға тура келеді.
Ғылымның міндеті – климатты, елдің қажеттілігін, экономикалық тиімділікті және қолда бар су қорын ескере отырып, дақылдардың оңтайлы арақатынасын анықтау.
– Сонда негізгі көрсеткіш тек өнімділік болмауы керек пе?
– Дәл солай. Бір тонна өнім өндіруге қанша су жұмсалатынын бағалауымыз қажет. Бұл көрсеткіш әр дақылда әртүрлі болады.
Пайдаланылған әрбір текше метр судан қандай нәтиже алып отырғанымызды түсіну маңызды. Кейбір дақылдарға көп мөлшерде су қажет болса, енді біреулері аз ылғалмен де қалыпты өнім бере алады. Ғылым осыған объективті баға беріп, Қазақстан үшін қандай дақылды өсіру тиімді екенін көрсетуі керек.
Барынша жоғары өнім алуға ұмтылу да әрдайым дұрыс емес. Өнім көлемі артқан сайын топырақтан алынатын қоректік заттар мөлшері де көбейеді. Егер жерді үнемі мүмкіндігінің шегінде пайдалансақ, болашақ ұрпаққа қалуға тиіс табиғи қорды сарқып аламыз.
Сондықтан өндіріс көлемі, топырақ құнарлылығын сақтау және экономикалық тиімділік арасында тепе-теңдік болуы қажет.
– Қазақстанда су тапшылығына байланысты күріш егістігін қысқарту жиі ұсынылады. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Бұл мәселені тек жұмсалатын су көлеміне қарап шешуге болмайды. Күріш суды көп қажет ететін дақыл екені рас. Бірақ күріш өсірілетін аймақтарда ол тағы бір маңызды міндет атқарады: топырақты шайып, оның тұздануын тежейді.
Ондаған жыл бойы күріш өсірілген жерлерді сусыз қалдыруға немесе бірден басқа дақылдарға ауыстыруға болмайды. Мұндай әрекет тұздың топырақ бетіне көтерілуіне, жердің жылдам тозуына және үлкен аумақтардың ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалуына әкелуі мүмкін.
Күріштен толық бас тартқан жағдайда бұл жерлердің жағдайы қалай өзгеретінін және оны қандай дақылдар алмастыра алатынын зерттеу қажет. Егіс көлемін қысқарту туралы шешім су теңгерімі, топырақтың жағдайы және бүкіл суару жүйесіне тиетін ықпал кешенді түрде зерттелгеннен кейін ғана қабылдануы керек.
Күріш – жай ғана суда өсетін дақыл емес. Қалыптасқан агрожүйелерде ол жердің мелиорациялық жағдайын сақтауға да көмектеседі.
– Климаттың өзгеруі өсімдік және мал шаруашылығының арақатынасына қалай әсер етеді?
– Қазақстан аумағының едәуір бөлігін жайылымдар алып жатыр. Қуаңшылық күшейе берсе, егістік жерлердің бір бөлігі жайылым ретінде пайдаланылуы мүмкін. Сондықтан аграрлық экономикадағы мал шаруашылығының үлесі артады деп ойлаймын.
Алайда жайылым ресурстарын да шексіз деп қарастыруға болмайды. Олардың тозуына жол бермей, мал жаюды реттеп, бүлінген аумақтарды қалпына келтіру қажет. Ол үшін төзімді малазықтық шөптер егіліп, ғылыми негізделген жайылым пайдалану жүйелері енгізілуі тиіс.
Бұл жерде жүйелі тәсіл қажет. Мал басының саны, жердің өнімділігі, өсімдік жамылғысының жағдайы және жайылымның қалпына келу мүмкіндігі ескерілуі керек. Мұндай бақылау болмаса, көлемі үлкен аумақтардың өзі қысқа уақытта шаруашылық құндылығын жоғалтуы мүмкін.
– Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар ауыл шаруашылығын қалай өзгерте алады?
– Білім, ғылым және инновациялық технологиялар барлық өндірістік үдерістермен қатар жүруі керек. Ауыл шаруашылығында жұмыстарды уақытылы орындаудың маңызы өте зор. Егін егу, өңдеу немесе жинау жұмыстары белгіленген уақытта жүргізілсе, ірі қосымша шығындарсыз-ақ өнімділікті арттыруға болады.
Цифрлық технологиялар осы үдерістерді бақылауға мүмкіндік береді. Мысалы, қазірдің өзінде малды электрондық есепке алу жүйелері қолданылып жүр. Арнайы құрылғылар арқылы мал иесі оның қай жерде жүргенін бақылап, қозғалысын қадағалайды және мал басы туралы нақты мәлімет алады.
Мұндай бақылау өсімдік шаруашылығына да қажет. Егін жинау кезінде өнімнің қай алқаптан және қандай көлемде түскенін, техниканың қай жерде тұрғанын, қанша аумақты өңдегенін және жұмыс уақытының қаншалықты тиімді пайдаланылғанын тіркеуге болады.
Спутниктік навигация мен дәлме-дәл егіншілік тракторлардың белгіленген бағыт бойынша қозғалуына, өңделмей қалған жолақтардың болмауына және бір жердің қайта-қайта өңделмеуіне көмектеседі. Соның нәтижесінде тұқым, жанармай, тыңайтқыш және уақыт үнемделеді.
– Ең алдымен қандай мәліметтерді цифрландыру қажет?
– Бізге әрбір егістік алқабының цифрлық тарихы керек. Қазір белгілі бір жерде он немесе жиырма жыл бұрын қандай дақыл өсірілгенін, қандай тыңайтқыш пайдаланылғанын, топырақ құнарлылығы мен өнімділіктің қалай өзгергенін әрдайым жылдам анықтай алмаймыз.
Егер бұл ақпарат жүйелі түрде жиналып, сақталса, агроном жердің көпжылдық тарихын ескере отырып шешім қабылдай алады. Бұл ауыспалы егісті дұрыс ұйымдастыру, топырақ құнарлылығын сақтау және өсімдік ауруларының таралуын болдырмау үшін өте маңызды.
Цифрландыру топырақтың жағдайын бағалаудан бастап, егін егу, өнім жинау, сақтау және өткізуге дейінгі бүкіл өндірістік үдерісті қамтуы керек. Жасанды интеллект жинақталған мәліметтерді талдап, ықтимал қауіптерді болжап, тиімді шешімдер ұсына алады.
Алайда технологияның өзі аграрлық ғылымды алмастырмайды. Цифрлық жүйелердің дұрыс жұмыс істеуі үшін сенімді мәліметтер, ғылыми негізделген нормативтер және алынған ақпаратты дұрыс түсіндіре алатын мамандар қажет.
– Болашақ ауыл шаруашылығының басты қағидасы қандай болуы керек?
– Қазақстан қандай жолмен болса да барынша мол өнім алуға ұмтылудан бас тартып, жер мен суды ұтымды пайдалануға көшуі керек.
Аграрлық ғылымның болашағы – қуаңшылыққа төзімді сорттар, ғылыми негізделген егіс құрылымы, топыраққа ұқыпты қарау, жайылымдарды қалпына келтіру және ресурстарды нақты есепке алу.
Біз бүгін жеткілікті мөлшерде азық-түлік өндіруіміз керек. Бірақ бұл ретте болашақ ұрпақты құнарлы жер мен қолжетімді суды пайдалану мүмкіндігінен айырмауға тиіспіз.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз