Жасөспірімдердің 65 пайызы кітап оқиды
Қазақстанда 18–28 жас аралығындағы жастардың 48,9 пайызы кітап оқуға қызығушылық танытады. Ал 13–17 жастағы жасөспірімдердің 65 пайыздан астамы тұрақты түрде кітап оқиды, деп хабарлайды ZontNews.kz. BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Қазақстандық қоғамдық даму институты 2026 жылғы маусымда 18 жастан асқан 4 800 адам арасында зерттеу жүргізген. Нәтижесінде сауалнамаға қатысқандардың 43,4 пайызы кітап оқуды ұнататынын, ал 53,3 пайызы қызығушылық танытпайтынын айтқан. Кітап оқуға кедергі келтіретін негізгі себептердің бірі – уақыттың жетіспеуі.
Оқуға деген қызығушылықтың ең жоғары көрсеткіші 18–28 жастағы жастар арасында тіркеліп, 48,9 пайызды құрады.
Балалар мен жасөспірімдердің оқу дағдыларын анықтау мақсатында Ұлттық академиялық кітапхана да республикалық зерттеу өткізген. Оған еліміздің барлық өңірінен 36 мыңнан астам бала, жасөспірім, ата-ана және кітапхана маманы қатысқан.
Зерттеу нәтижесінде 13–17 жастағы жасөспірімдердің 65 пайыздан астамы тұрақты кітап оқитыны анықталды. Олар көбіне шытырман оқиғалы шығармаларды, фэнтези, детектив және заманауи көркем прозаны таңдайды. Жасөспірімдердің шамамен 60 пайызы баспа кітаптарын оқуды жөн көреді. Сонымен бірге электронды және аудиокітаптарға деген қызығушылық та артып келеді.
Мамандардың айтуынша, кітап оқуды тұрақты әдетке айналдыру үшін отбасы, мектеп және кітапханалар бірлесе жұмыс істеуі қажет. Бұл бағытта кітап клубтарын, әдеби квесттерді, шығармашылық кездесулер мен байқауларды ұйымдастыру маңызды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз