Атырауда 2 млрд теңгеге салынған балабақша бірнеше айдан бері ашылмай тұр
Атырау қаласының іргесіндегі Талғайран ықшамауданында 2 млрд теңгеден астам қаржыға салынған балабақша әлі күнге дейін ашылған жоқ. Құрылысы көктемде аяқталған нысан бірнеше айдан бері құлыптаулы тұр. 30 жыл бойы балабақша күтетін тұрғындар оның қашан пайдалануға берілетінін білмей алаңдаулы, деп хабарлайды ZontNews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, балабақша наурыз айында салынып біткен. Алғашында оны Балаларды қорғау күніне орай ашу жоспарланған. Кейін қыркүйекке шегерілгенімен, бұл уәде де орындалмаған.
Тұрғындар балаларын шалғайдағы балабақшаларға тасуға мәжбүр. Мәселен, кейбірі бүлдіршіндерін шамамен 10 шақырым жердегі Бесікті ауылына апарады. Қоғамдық көліктің уақытылы жүрмеуі де ата-аналарға қиындық туғызып отыр.
Алайда нысанның бірнеше ай бойы ашылмауы тұрғындар арасында күмән тудырған. Тіпті балабақша қайта бұзылуы мүмкін деген қауесет те тараған. Жауапты басқарма өкілдері болса, ғимараттың құрылыс сапасына қатысты мәселе жоқ екенін мәлімдеді.
Атырау облысы құрылыс басқармасының бөлім басшысы Ернар Қадырбайдың айтуынша, нысанның ашылуына өрт қауіпсіздігіне қатысты құжаттардағы кемшіліктер кедергі болып отыр. Қазір оларды реттеу жұмыстары жүргізілуде.
Мекеме өкілі тексеру қорытындысы қараша айының ортасына дейін белгілі болатынын, ал балабақшаны желтоқсанда пайдалануға беру жоспарланғанын айтты.
Айта кетейік, 280 балаға арналған балабақшаның құрылысы 2023 жылы басталған. Жобаға бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз