Дариға Назарбаеваның ұшағы Словакияға айыппұл әкелді
Кезінде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы пайдаланған Bombardier Global 5000 ұшағын сатып алу Словакия Қорғаныс министрлігіне 1,73 млн еуро көлемінде айыппұл салынуына себеп болды, деп хабарлайды ZontNews.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
2024 жылдың соңында Словакия Қорғаныс министрлігі шамамен 46 млн еуроға бұрын қолданыста болған екі Bombardier Global 5000 бизнес-джетін сатып алған. Олардың бірі бұған дейін Назарбаевтар отбасына тиесілі болған және M-DANK тіркеу нөмірімен ұшқан. Ұшақты Дариға Назарбаевамен және Британдық Виргин аралдарында тіркелген Triumph Aviation Inc офшорлық компаниясымен байланыстырған.
Кейін ұшақ Мальтада қайта тіркеліп, 9H-AVA нөмірін алған. 2025 жылдың маусымында әуе кемесі Словакияның әскери-әуе күштері құрамына енгізілді.
Алайда ұшақтарды сатып алу кезінде ашық конкурс өткізілмеген. Сонымен қатар сатушы United Wings International компаниясы келісімшартқа қол қойылған сәтте Словакияның мемлекеттік сектор серіктестері тізілімінде болмаған.
Словакияның Мемлекеттік сатып алулар басқармасы ұшақтардың сатып алу кезінде азаматтық әуе кемелері болғанын анықтады. Осыған байланысты ведомствоның әскери қажеттіліктерді негізге алып, конкурстық рәсімдерді айналып өтуіне негіз болмаған.
2026 жылдың сәуірінде реттеуші Қорғаныс министрлігіне шамамен 874 мың және 858 мың еуро көлемінде екі айыппұл салды. Олардың жалпы сомасы 1,73 млн еуроны құрады. Словакиялық БАҚ бұл мемлекеттік сатып алулар саласындағы рекордтық айыппұл екенін жазды.
Словакия Қорғаныс министрлігі шешіммен келіспей, оған шағым түсірді. Ведомство айыппұлдар күшінде қалған жағдайда сотқа жүгінуге дайын екенін мәлімдеді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз