Жамбыл облысында төрт аудан әкімі қатаң сөгіс алды
Жамбыл облысында кәмелетке толмағандар қатысқан резонансты оқиғалардан кейін бірқатар лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Төрт ауданның әкімі мен облыстық білім басқармасының басшысына қатаң сөгіс жарияланды, деп хабарлайды ZontNews.kz
Жасөспірімдер арасындағы қылмыс, кәмелетке толмағандар құқық бұзушылығының себептері мен олардың алдын алу жұмыстарының тиімділігі облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен арнайы жиында талқыланды.
Жиында өңір басшысы жауапты мемлекеттік органдардың жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, профилактикалық шаралардың басым бөлігі формалды түрде өткізіліп, нақты нәтиже бермей отыр.
Ербол Қарашөкеев алдын алу жұмыстарының тиімділігін өткізілген ашық сабақтар, тренингтер, сауалнамалар мен рейдтердің санымен емес, олардың нақты нәтижесімен бағалау қажеттігін атап өтті.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасарына сөгіс жарияланды. Ал Байзақ, Жамбыл, Талас және Қордай аудандарының әкімдері мен облыстық білім басқармасының басшысы қатаң сөгіс алды. Сонымен қатар аталған аудандар әкімдерінің осы бағытқа жауапты орынбасарларына да қатаң тәртіптік жаза қолдану көзделген.
Бұдан бөлек, полиция департаментінің бастығына төрт аудандық полиция бөлімінің басшыларына қатысты қызметтік тексеру жүргізу тапсырылды.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен бірнеше резонансты оқиға тіркелген болатын.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз