Мысырда екі жолаушылар пойызы соқтығысты
Мысырдың Гиза провинциясында екі жолаушылар пойызының соқтығысуы салдарынан кемінде жеті адам қаза тауып, 112 адам жарақат алды, деп хабарлайды ZontNews.kz Мысырдың Ұлттық теміржол басқармасына сілтеме жасап.
Апат 8 қарашада Каирдің оңтүстігіндегі Эль-Айят ауданында болған. Гизадан Эль-Фаюмға бағыт алған пойыз Каирден Асуанға бара жатқан құрамның артқы бөлігіне соғылған. Салдарынан бірнеше вагон рельстен шығып кетті.
Оқиға орнына 72 жедел жәрдем көлігі, құтқарушылар, полиция және теміржол қызметкерлері жұмылдырылды. Жараланғандар ауруханаларға жеткізілді.
Апатқа байланысты Каир – Асуан теміржол желісіндегі қозғалыс екі бағытта да тоқтатылды. Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, апаттың себептерін тергеуді тапсырды. Бас прокуратура оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз