30 жылдан кейін АҚШ-тан қызын тапқан БҚО тұрғынының ДНҚ-тесті туыстықты растады
Шетелде тұратын, 30 жыл бұрын топтық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын мәлімдеген Батыс Қазақстан облысының тумасы Наташа Калымбетованың оқиғасы жалғасын тапты. АҚШ-та оның қызы табылып, ДНҚ-тест олардың туыстығын растады, деп хабарлайды ZontNews.kz
49 жастағы Наташа Калымбетова ДНҚ сараптамасынан өту үшін АҚШ-қа барған. Әуежайда оны өзін қызы ретінде таныстырған бойжеткен қарсы алған. Алайда әйел қыздың америкалық екенін айтып, сот процестері аяқталғанша оның жеке басын жарияламауды жөн көрген.
Наташаның айтуынша, қызын алғаш көрген сәтте-ақ оны бірден таныған.
«Мен оны әуежайда көргенде-ақ менің қызым екенін бірден түсіндім. Өйткені мен оны өзім дүниеге әкелдім. Оның көзқарасын, әрбір жасушасын, қасын, тырнағын білемін. Ол әлі де сондай кішкентай, нәзік, жұмсақ», – деді ол.
Әйелдің сөзінше, алғашқы екі күнде анасы мен қызының бір-бірімен тіл табысуы қиын болған. Бұған олардың менталитетіндегі айырмашылық әсер еткен. Алайда үшінші күні екеуі ашылып сөйлесіп, жақынырақ таныса бастаған.
Белгіленген күні ДНҚ сараптамасының нәтижесі белгілі болды. Тест олардың арасындағы туыстық байланыстың 99,9 пайыз екенін растаған.
Енді Наташа қызын Таиландта ұлымен таныстыруды, кейін Қазақстанға алып келуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ ол осы оқиғаға бейжай қарамай, қолдау білдірген отандастарына алғысын жеткізді.
«Енді біз әрқашан бірге боламыз. Міне, бақыт», – деді Наташа.
Ал Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі қылмыстық іс бойынша барлық қажетті сараптамалар тағайындалғанын хабарлады. Алайда тергеу барысына қатысты өзге ақпарат жария етілмеді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз