Бейсенбі, 5 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    8°C
    • Астана
      -1°C
Ру

Қызылордада ақ жаулық пен кимешек киген аналар шеруі өтті

Фото көзі: : Анаға тағзым орталығы
ZontNews.kz
Қаз. 21, 2026, 12:30 Т.Қ.

Қызылорда қаласында «Ақ жаулықтан ақ кимешекке дейін» атты облыстық этно-мәдени фестиваль өтіп, оған 200-ге жуық әйел қатысты, деп хабарлайды ZontNews.kz 

Анаға тағзым орталығы ұйымдастырған шараның мақсаты – қазақ әйелінің ұлттық болмысын айшықтайтын ақ жаулық пен кимешектің тарихи, мәдени және тәрбиелік маңызын насихаттау, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын нығайту.

Фестиваль «Сыр Ана» монументі алаңынан басталды. Алдымен кимешектің сыртынан оралатын күндік баскиімін 21 метрлік ақ матамен орау дәстүрі көрсетілді. Арнайы қойылым арқылы ұлттық баскиімнің тарихы мен қазақ әйелдерінің өміріндегі орны таныстырылды.

Іс-шараның негізгі бөлігі ақ жаулықты аналар мен кимешек киген әжелердің салтанатты шеруіне ұласты. Қатысушылар «Сыр болашағы» құзыреттілік орталығынан Анаға тағзым орталығына дейін жүріп өтті.

Шеруге әжелер ансамбльдерінің мүшелері, білім және мәдениет саласының өкілдері, «Алтын алқа» иегерлері, көпбалалы аналар, қоғам белсенділері мен өнерпаздар қатысты.

Фестиваль барысында кимешектің төрт үлгісі мен жаулықтың үш образы ұсынылған тақырыптық қойылым көрсетілді. Қолөнер шеберлері ұлттық баскиімдерді кенеп шашақпен әрлеу, жабағы жүнмен жиектеу және тоқыма жіппен өрнектеу тәсілдерін таныстырды.

Сонымен қатар жаулық үлгілері әйелдің отбасылық өмір кезеңдері мен бала санына қарай киіну ерекшеліктерін көрсетті. Осы арқылы қазақ әйелінің ұлттық болмысы мен дәстүрлі киім мәдениетінің сан қырлы сипаты ашылды.

Шара соңында фестивальді ұйымдастыруға үлес қосқан аналарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталып, концерттік бағдарлама ұсынылды.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз