Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізеді
13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен көлік-логистика саласын дамыту мәселелеріне арналған Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтеді, деп хабарлайды ZontNews.kz Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Айбек Смадияровқа сілтеме жасап.
Жиын барысында Президент «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұсталуына байланысты мемлекеттің ұстанымын білдіреді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтау, ұлттық компаниялар басшыларының жеке жауапкершілігі, сондай-ақ елдегі стратегиялық маңызы бар кәсіпорындардың қызметінде заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударады.
Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғанын хабарлаған еді.
Кейін әлеуметтік желілерде олардың ұсталу сәті болуы мүмкін деген бейнежазбалар тарады. «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметі де Нұрлан Жақыповтың ұсталуына қатысты ресми пікір білдіріп, қор компанияларының қалыпты жұмыс істеп жатқанын және серіктестер алдындағы міндеттемелердің орындалатынын мәлімдеді.
Тергеу жалғасып жатыр. Конституцияға сәйкес, сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін күдіктілер кінәсіз деп есептеледі.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз