Қазақстанда сукук пен исламдық қаржы құралдарын дамыту ұсынылды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстанда исламдық қаржы құралдарын, соның ішінде сукук шығаруды дамыту үшін шариғат кеңестерін құруды ұсындыі, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Реттеуші «Капитал нарығы туралы» заң жобасының консультативтік нұсқасын жариялап, онда исламдық қаржы тетіктерін енгізу мәселесіне ерекше назар аударған. Агенттік елде бұл бағытты дамытуға геоэкономикалық алғышарттар жеткілікті деп санайды.
Сукук – исламдық қаржы жүйесіндегі негізгі құралдардың бірі. Ол кәдімгі облигацияларға ұқсас болғанымен, басты айырмашылығы – пайыздық табыс төленбейді. Инвестор қарыз беруші емес, нақты активтің немесе жобаның үлесіне ие болады, ал табыс сол активтен түсетін пайда арқылы қалыптасады.
ҚНРДА сукук шығару нормаларын жетілдіруді, шариғат кеңестерінің қызметін заңдастыруды, арнайы қаржы компанияларын құруды және мәмілелердің шариғат талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ететін тетіктерді енгізуді ұсынып отыр.
Агенттік бағалауынша, исламдық қаржы құралдарын дамыту халықаралық нарықтан инвестиция тартуға мүмкіндік беріп, институционалдық және бөлшек инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Мысал ретінде Малайзия тәжірибесі келтірілген. Бұл елде исламдық қаржы жүйесі заңнамалық деңгейде реттеліп, шариғат кеңестерінің мәртебесі нақты айқындалған. Сонымен қатар, сукук үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған.
Бұған дейін агенттік бағалы қағаздарды цифрландыру, секьюритизация, зейнетақы активтерін басқару және туынды қаржы құралдарын дамыту бастамаларын да ұсынған болатын.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз