Алматы облысында әлемдік деңгейдегі мергендер жарысы басталды
Алматы облысында мамыр айы ірі халықаралық спорттық оқиғамен басталды. Александр Асанов атындағы мергендер клубы базасында стенд атудан ISSF Әлем кубогі кезеңінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды ZontNews.kz.
2–11 мамыр аралығында өтетін жарысқа 43 елден 500-ден астам спортшы мен ресми өкіл жиналған. Бұл соңғы жылдары Қазақстанда ұйымдастырылған ең ірі мергендер додаларының бірі саналады. Қатысушылар трап, скит және аралас командалық трап-микс бағыттары бойынша сынға түседі.
Ашылу рәсіміне Ербол Мырзабосынов, Лучано Росси, Александр Ратнер, Берік Асылов және Марат Сұлтанғазиев қатысты. Олар Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделінің артып келе жатқанын атап өтті.
Іс-шара аясында мергендер клубы аумағында жаңа заманауи спорт кешені де ашылды. Кешен құрамына трибуналары бар көпфункциялы зал, бассейн, жаттығу және семсерлесу залдары, сондай-ақ жабық пневматикалық тир кіреді. Бұл нысан тек жарыстар өткізуге емес, кәсіби спортшыларды даярлауға мүмкіндік береді.
Мұндай халықаралық турнирлер елдегі спорт инфрақұрылымының дамуына серпін беріп, туризмді ілгерілетуге және жастарды спортқа тартуға ықпал етеді. Алматы облысы біртіндеп өңірлік спорт орталықтарының біріне айналып келеді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз