Моноқалаларға барған дәрігерлерге қандай жеңілдіктер беріледі
Қазақстанда моноқалалар мен өңірлерге жұмысқа баратын медицина қызметкерлеріне бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар дәрігерлер мен фармацевтерге көрсетілетін әлеуметтік көмектің түрі мен көлемін өздері айқындайды. Бұл қолдау ең алдымен тұрғын үймен қамтамасыз ету, жәрдемақы төлеу және коммуналдық шығындарды өтеуді қамтиды.
Атап айтқанда, мемлекеттік медициналық ұйымдарда еңбек ететін мамандарға қызметтік баспана беру, қаржылай көтермеақы төлеу, коммуналдық төлемдерді субсидиялау сияқты жеңілдіктер ұсынылады. Кей жағдайларда қосымша әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылады.
Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылы еліміз бойынша 1 700-ден астам дәрігер осындай қолдау алған. Оның ішінде 200-ден астамы моноқалаларға жұмысқа орналасқан.
Моноқалаларда еңбек ететін мамандар үшін нақты көрсеткіштер де бар: 137 дәрігерге 3 млн-нан 8,5 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы берілген, 100-ден астамы баспанамен қамтылған. Сонымен қатар кейбір дәрігерлерге коммуналдық төлемдерге жеңілдік, балабақшаға орын беру және отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру сияқты қосымша мүмкіндіктер ұсынылған.
Үкімет өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға және медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған. Моноқалаларды дамыту мен сапалы медициналық қызметті қамтамасыз ету алдағы уақытта да басым бағыттардың бірі болып қала бермек.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз