Қазақстанда жалақы өсті, бірақ нақты табыс төмендеді
2025 жылдың IV тоқсанында Қазақстан бойынша жалақының медианалық мәні 339 912 теңгені құрады. Ал шағын кәсіпорындарды есепке алмағанда орташа айлық атаулы жалақы 473 158 теңге болған, деп хабарлайды ZontNews.kz
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда атаулы жалақы 8,8%-ға өскен. Алайда инфляцияны ескергендегі нақты жалақы индексі 96,8%-ды құрап, табыстың іс жүзінде төмендегенін көрсетеді.
Сарапшылар жалақының өсуін жыл соңындағы сыйақылар мен қосымша төлемдердің артуымен байланыстырады.
Салалар бойынша ең жоғары өсім ауыл, орман және балық шаруашылығында – 25,9%-ға жеткен. Сондай-ақ жылжымайтын мүлік (14,5%), көлік және қойма (11,9%), өнер, ойын-сауық (10,8%), ақпарат және байланыс (10,7%), сауда және жөндеу салаларында (10,3%) айтарлықтай өсім байқалды. Ал білім беру (5,7%) мен денсаулық сақтау саласында (5,6%) өсім баяу болды.
Өңірлер арасында ең жоғары өсім Ақмола облысында – 17,4%. Одан кейін Солтүстік Қазақстан (13,1%), Абай облысы (11,7%), Алматы қаласы (11,5%) және Жетісу облысы (11,2%) тұр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз