Еуропа артық табысқа салық салмақ: Қазақстанда бұл тетік неге жұмыс істемейді?
Еуропалық елдер жанармай бағасының қымбаттауына байланысты энергетикалық компаниялардың артық табысына салық енгізуді ұсынып отыр. Ал Қазақстанда мұндай тәжірибе заң жүзінде болғанымен, іс жүзінде кең қолданылмайды, деп хабарлайды ZontNews.kz. Ulysmedia.kz редакциясына сілтеме жасап.
Австрия, Германия, Испания, Италия және Португалия билігі энергетикалық компаниялардың жоғары табысын халықты қолдауға бағыттауды көздейді. Осыған байланысты аталған елдердің министрлері Еуропалық комиссия ортақ салық механизмін әзірлеуді сұраған. Мұндай шара бұған дейін 2022 жылы да қолданылған.
Мәселен, Италия дизель отынының бағасы бір жылда 30%-дан астам өсіп, литрі 2 еуродан асқан. Соның салдарынан халықтың жол шығындары да айтарлықтай артқан.
Ал экономист Ерлан Каримов Қазақстанда «сверхприбыль» ұғымы Салық кодексінде бар екенін айтады. Бірақ бұл механизм сирек қолданылады.
Сарапшының пікірінше, басты себеп – энергетика саласындағы ірі компаниялардың мемлекетпен тығыз байланысы. Сонымен қатар, мұнай-газ секторында шетелдік инвесторлармен жасалған келісімдер де әсер етеді.
Оның айтуынша, Қазақстанда өндірілетін мұнай мен газдың басым бөлігі шетелдік компаниялардың үлесінде. Олар алдымен барлық шығындарын өтеп алғаннан кейін ғана салық төлейді. Бұл жағдай бюджетке түсетін кірісті азайтады.
Сарапшы жанармай бағасының соңғы уақытта айтарлықтай өскенін де атап өтті. Мысалы, АИ-95 бензині жарты жыл ішінде шамамен 12%-ға қымбаттаған.
Бағаның өсуіне мемлекеттік реттеудің әлсіреуі де әсер еткен. Бұрын АИ-92 бензиніне субсидия беріліп келсе, қазір нарықтық механизмдерге көбірек еркіндік берілген.
Сарапшылардың пікірінше, жанармай бағасының өсуі жалпы инфляцияға әсер етіп, ел экономикасына қысым түсіруі мүмкін.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз