15 жастағы оқушының әзіл-репортажы Қазнетті тәнті етті
Жетісу облысының 15 жастағы тұрғыны үйіндегі жөндеу жұмыстарын түсіріп, өзін кәсіби тілші ретінде көрсеткен. Оның видеосы әлеуметтік желіде кең тарап, көпшіліктің назарын аударды. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Әмір Ғафурбаев Панфилов ауданындағы Көктал ауылында отбасымен бірге тұрады. Ол – үйдің жалғыз ұлы, үш әпкесі бар. Анасы бастауыш сынып мұғалімі, әкесі алыс қашықтыққа қатынайтын жүргізуші.
Видеоны Әмір әуелі әлеуметтік желіге жариялау үшін емес, отбасылық естелік ретінде түсірген. Анасы одан үйдегі жөндеу барысын телефонға түсіруді сұраған. Алайда жасөспірім процесті қарапайым түрде түсірудің орнына, оны жаңалықтардағы репортажға айналдырған.
Ол кадрда тілшілерге тән интонациямен сөйлеп, жөндеу барысын маңызды оқиға секілді баяндаған. Әзіл мен актерлік шеберлігін де ұмытпаған.
Әмірдің айтуынша, видеоны анасы оның рұқсатынсыз Instagram-ға жариялаған. Жасөспірім бастапқыда ыңғайсызданғанымен, роликтің көпшілікке ұнағанын көріп, анасына ренжімеген.
Келесі күні таңертең оның телефонына көптеген хабарлама келген. Осылайша Әмір өзінің видеосының кең тарап кеткенін білген.
Жасөспірімнің камера алдындағы еркіндігі бала кезінен қалыптасқан. Анасының айтуынша, Әмір кішкентай кезінде өте тұйық болған. Ол екі жас екі айында жүріп, үш жасқа жақындағанда сөйлей бастаған. Бұл ата-анасын алаңдатып, олар бірнеше маманға жүгінген. Дәрігерлер баланың дені сау екенін және оның мінезі осындай екенін айтқан.
Кейін Әмір көп сөйлеп, әзілге жақын бола бастаған. Мектептегі түрлі іс-шараларға қатысып, сахнада өнер көрсеткен. Анасы оның актерлік қабілетін ерте байқаған.
«Ол басқа планетадан, ғарыштан келгендей болатын. Оның кеш жүріп, кеш сөйлегеніне қатты уайымдадық. Мамандарға қаралдық, бірақ олар баланың дені сау екенін, тек темпераменті сондай екенін айтты», – деді Махирам.
Әмірдің журналистикаға қызығушылығы да бала кезінен басталған. Ол тележаңалықтарды көріп, жүргізушілердің сөйлеу мәнері мен интонациясын қайталаған. Бір кездері картон қораптан «теледидар» жасап, оның ішінен жаңалықтар жүргізген.
Жасөспірім жануарлар, динозаврлар, ғарыш пен табиғат туралы деректі фильмдерді де көп көрген. Үйде энциклопедияларды оқып, өзін қызықтырған тақырыптарды зерттеген.
Қазір Әмірдің жаңа видеоларын түсіруге отбасы мүшелері де көмектеседі. Ол сюжеттердің идеясын ойлап тауып, кадрда өзі сөйлейді. Анасы сценарийге көмектессе, 17 жастағы әпкесі түсірілім жасайды.
Жасөспірім арнайы журналистика немесе тележүргізушілік курстарына бармаған. Оның айтуынша, камера алдындағы тәжірибесін телебағдарламаларды көру және өздігінен түсірілім жасау арқылы жинаған.
Әмірге блогер ретінде жұмыс істеуге қатысты ұсыныстар да түсе бастаған. Дегенмен ол үшін қазір ақша табудан гөрі, камера алдында тәжірибе жинау маңызды.
Оқушы телевизия саласында жүрген Асаубек Айымбетов пен Рашит Ильясовты өзіне үлгі тұтатынын айтты. Сонымен қатар юморлық видеолар көріп, олардың стилін де бақылап жүреді.
Әмір биыл тоғызыншы сыныпқа өтті. Ол математика мен техникаға қызығады, бірнеше тіл үйренуге талпынып жүр. Болашақта журналист бола ма, жоқ па – әзірге нақты шешім қабылдамаған.
Ал әзірге ол камера алдына шығып, өзіне тән әзіл-қалжыңымен жаңа сюжеттер түсіруді жалғастырып жүр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз