Тоқаев пен Ердоған «Мәңгілік достық» декларациясын қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Астанада өткен келіссөз қорытындысы бойынша қазақ-түрік қатынасын жаңа деңгейге көтеретін «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы» декларация қабылдады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Тәуелсіздік сарайында өткен баспасөз мәслихатында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуін ерекше атап өтіп, екі ел арасындағы тарихи әрі бауырластық байланыстарға тоқталды.
«Қазақ пен түрік – тамыры бір туысқан халықтар. Бізді ортақ мәдениет пен рухани құндылықтар біріктіреді. Мақсатымыз – бір, бағыт-бағдарымыз – айқын», – деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Түркия Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Бүгінде елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істейді. Екі ел арасындағы тауар айналымы 8,8 пайызға өсіп, 5 миллиард доллардан асқан.
Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған тараптардың сауда көлемін алдағы уақытта 15 миллиард долларға дейін жеткізуге ниетті екенін айтты.
Келіссөз барысында көлік-логистика саласына да ерекше назар аударылды. Тараптар «Орта дәліздің» әлеуетін арттыруға уағдаласып, оны Шығыс пен Батысты жалғайтын маңызды бағыт ретінде бағалады.
Сонымен қатар мұнай-газ, тау-кен, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Turkish Petroleum Corporation Қазақстан нарығында жұмыс істеуге қызығушылық танытып отыр.
Сондай-ақ Түркияның TAV Airports Holding компаниясы Алматы халықаралық әуежайын Орталық Азиядағы ірі логистикалық хаб ретінде дамытуға ниетті.
Кездесу соңында екі ел басшысы Қазақстанның гуманитарлық көмегі аясында салынған жаңа мектептің ашылуына бейнебайланыс арқылы қатысты. Бұдан бөлек, Түркияның Маариф қоры Астана мен Алматыда жаңа мектептер салуды жоспарлап отыр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз