Сенбі, 20 Маусым 2026 г.

$ 488.18
559.6
6.65
  • Алматы
    25°C
    • Астана
      23°C
Ру

Аида Балаева Almaty Superski жобасының маңызын түсіндірді

Фото көзі: : Xinhua
ZontNews.kz
Мамыр 26, 2026, 10:25 Т.Ж.

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Almaty Superski жобасы Қазақстандағы тау туризмін дамытуда маңызды рөл атқаратынын айтты. Оның сөзінше, жоба қауіпсіздік, экология және заманауи инфрақұрылым талаптарын ескере отырып жүзеге асырылуы қажет, деп хабарлайды ZontNews.kz. 

Министр бүгінде туризм ел экономикасының стратегиялық саласына айналғанын атап өтті. 2024 жылы Қазақстанға 15,3 млн шетелдік турист келген. Ал ішкі туристер саны 10,5 млн адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 900 мың адамға артқан.

Соңғы жылдары табиғи, экологиялық және тау туризміне қызығушылық айтарлықтай өскен. Тек 2024 жылдың өзінде Қазақстанның ұлттық парктеріне 2,8 млн адам барған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп.

Аида Балаеваның айтуынша, таудағы туризмді дамыту үшін заманауи әрі қауіпсіз инфрақұрылым қажет. Себебі бақылаусыз туристік ағын табиғатқа зиян келтіріп, адамдардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.

Осыған байланысты Almaty Superski жобасы тек туристік нысан емес, Алматының және жалпы Қазақстан туризмінің болашағына бағытталған кешенді бастама ретінде қарастырылып отыр. Жоба аясында Медеу – Шымбұлақ – Көкжайлау – Құмбел бағыттарын байланыстыратын инфрақұрылым жүйесін дамыту жоспарланған.

Министр Көкжайлау аумағы Іле Алатауы ұлттық паркінің құрамынан шығарылмайтынын және ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі сақталатынын ерекше атап өтті. Сондай-ақ жоба аясында жеке коттедждер мен виллалар салу қарастырылмаған.

Оның айтуынша, жоба тек экологиялық талаптарды қатаң сақтау, ғылыми бақылау және қоғамдық мониторинг негізінде жүзеге асырылуы тиіс.

Сонымен қатар Almaty Superski жобасы барлық азаматтарға, соның ішінде балалы отбасыларға, қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға тауға қолжетімділікті арттыруды көздейді. Бұл үшін аспалы жолдар, қауіпсіз бағыттар, визит-орталықтар және санитарлық инфрақұрылым салу жоспарланып отыр.

Аида Балаева қоғам, экологтар мен сарапшылар пікірінің маңызды екенін айтып, жобаны талқылау ғылыми негіз бен елдің ұзақ мерзімді мүддесіне сүйенуі қажет екенін жеткізді.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз