Кальян нарығы заңдастырылса бюджетке 50 млрд теңге түсуі мүмкін
Қазақстанда кальян (қорқор) қызметін лицензиялау және оны заңды айналымға енгізу мәселесі қайта көтерілді. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда елде кальянға ресми тыйым салынғанымен, олар іс жүзінде жұмыс істеп тұр. Сол себепті олардың нақты санын анықтау мүмкін емес және бұл сала көлеңкелі экономикада қалып отыр.
Осыған байланысты Қаржы министрлігі тыйым салудың орнына кальян бизнесін лицензиялау тиімдірек деген ұстанымда. Бұл тәсіл арқылы мемлекет аталған саланы бақылауға алып, салық түсімдерін арттыра алады.
Ведомствоның алдын ала есебі бойынша, кальян индустриясын заңдастыру бюджетке жыл сайын шамамен 50 миллиард теңгеге дейін қосымша кіріс әкелуі мүмкін.
Бұған дейін бұл мәселе бірнеше рет көтеріліп, кальянға қатысты шектеулерді қайта қарау мүмкіндігі талқыланған болатын. Денсаулық сақтау министрлігі де бұл бағытта өз ұстанымын білдірген.
Қазіргі уақытта ұсыныс талқылау сатысында, нақты шешім қабылданған жоқ.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз