Қазақ қызы АҚШ-тың Словениядағы елшісі болып тағайындалды
Қазақ қызы Әсел Қалиқызы Робертс (Төленова) АҚШ-тың Словениядағы өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Бұл тағайындау халықаралық саясаттағы қазақ әйелдерінің жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын көрсететін маңызды оқиға ретінде бағаланып отыр.
Әсел Қалиқызы Робертс бұған дейін АҚШ мемлекеттік басқару жүйесінде бірқатар жауапты қызметтер атқарған. Ол Барак Обама әкімшілігі кезінде Ақ үйде жұмыс істеп, кейін Джо Байден командасында протокол жетекшісі қызметін атқарған.
Сарапшылардың пікірінше, бұл тағайындау америкалық мемлекеттік жүйедегі кәсібилік пен меритократия қағидаттарының айқын көрінісі. Сонымен қатар қазақ диаспорасының халықаралық саясат пен жаһандық басқару саласындағы ықпалы артып келе жатқанын аңғартады.
Әсел Робертстің мансап жолы қазіргі қазақ әйелінің жаңа бейнесін қалыптастырып отыр. Ол этникалық тамырын сақтай отырып, халықаралық дипломатия, стратегиялық коммуникация және жаһандық келіссөздер алаңында табысты еңбек етіп келеді.
Сарапшылар бұл жетістік Қазақстан үшін де символдық маңызға ие екенін атап өтуде. Себебі қазіргі таңда елдің халықаралық беделі тек экономикасымен ғана емес, әлемдік элита қатарындағы тұлғаларымен де өлшенеді.
Әсел Қалиқызының жаңа қызметі қазақ әйелдерінің халықаралық деңгейдегі интеллектуалдық әлеуеті мен ықпалының артып келе жатқанын көрсететін маңызды мысалдардың бірі саналады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз