Құрылтай сайлауында депутаттар құрамы кемінде 70 пайызға жаңаруы мүмкін
23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына қатысатын барлық саяси партиялар үміткерлер тізімін бекітті, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Бұған дейін «Ауыл», «Ақ жол», «Байтақ», Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) және Respublica партиялары өз кандидаттарын ұсынса, бүгін бұл жұмысты жаңадан құрылған «Әділет» партиясы аяқтады.
Informburo.kz талдауынша, партиялық тізімдерге бұрынғы Мәжіліс пен Сенат депутаттарының тек 46-сы ғана енген. Оның ішінде 42-сі Мәжіліс депутаты, ал төртеуі Сенатта қызмет еткен. Тізімде Мәжілістің бұрынғы төрағасы Ерлан Қошанов пен Сенаттың экс-спикері Мәулен Әшімбаев жоқ.
«Әділет» партиясы өз қатарына қосылған Amanat партиясынан Мәжіліске сайланған 42 депутаттың ешқайсын жаңа тізімге енгізбеген. Партия тізімінде бұрынғы 18 мәжілісмен мен төрт экс-сенатор ғана бар.
Қалған партиялар бұрынғы депутаттарының басым бөлігін қайта ұсынған. Атап айтқанда, «Ауыл» партиясы бес депутатты, Respublica бес депутатты, Қазақстан халық партиясы төрт депутатты, «Ақ жол» алты бұрынғы депутатты, ал ЖСДП төрт депутатты қайтадан кандидат ретінде тіркеді.
Сарапшылардың бағалауынша, Құрылтай 145 депутаттан тұратындықтан, оның құрамы бұрынғы Парламентпен салыстырғанда кемінде 70 пайызға жаңарады. Ал қайта ұсынылған кандидаттардың бір бөлігі сайлаудан өтпесе, бұл көрсеткіш одан әрі артуы мүмкін.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз