Саденов мас жүргізушілерге жеңілдік жасауға қарсы шықты
Ішкі істер министрі Ержан Саденов мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін қысқарту туралы ұсынысқа қарсы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Министрдің айтуынша, мұндай жеңілдік беру мас күйінде көлік жүргізуге жанама түрде жол ашумен тең. Оның сөзінше, құқық қорғау органдарының басты мақсаты – мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алып, қоғамда мас күйінде көлік жүргізуге мүлде төзбеушілік қағидатын қалыптастыру.
Ержан Саденов жыл басынан бері мас жүргізушілердің қатысуымен 200-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелгенін айтты. Соның салдарынан 300-ге жуық адам зардап шегіп, адам шығыны да болған.
Министр әрбір мұндай жол апатының артында қайғылы тағдырлар мен ата-анасынан айырылған балалар тұрғанын атап өтті.
Сондай-ақ ол бірқатар елдердегі тәжірибеге тоқталды. Оның айтуынша, Қытайда мас күйінде көлік жүргізіп, адам өліміне себеп болғандарға ең қатаң жаза қолданылса, АҚШ-та мұндай құқық бұзушылық үшін өмір бойына жүргізуші куәлігінен айыру тәжірибесі бар.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз