«Қашпаймын, бірақ...» - Еркебұлан Тоқтар Данияр Елеусіновтың шақыруына жауап берді
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов пен актер әрі жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар арасындағы сөз қағысы жаңа деңгейге шықты. Елеусіновтың «жарты раунд» деген мәлімдемесінен кейін Тоқтар оған жауап беріп, рингке шығуға дайын екенін ашық айтты. Алайда бір шартын да жасырмады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Бәрі Данияр Елеусіновтың әлеуметтік желідегі жазбасынан басталған. Олимпиада чемпионы Еркебұлан Тоқтарды «хайп қуушы» деп атап, онымен жұдырықтасуға дайын екенін аңғартқан.
««Маған Олимпиада чемпионын әлдекімнен төмен санайтын мына хайп қуушыны беріңдерші... Жарты раунд», – деп жазды боксшы».
Бұл сөздерімен Елеусінов қарсыласын бір раундқа да жеткізбей жеңе алатынын меңзеген.
Ал Еркебұлан Тоқтар Олимпиада чемпионының спорттағы жетістігін жоғары бағалайтынын айтып, оның өзіне не себепті шүйліккенін түсінбейтінін жеткізді.
««Данияр ағаны қатты сыйлаймын. Олимпиада чемпионы ғой. Менің деңгейіме түсіп, менімен бокс ұсынатын адам емес деп ойлаймын», - деді ол».
Дегенмен актер жекпе-жектен қашпайтынын анық айтты. Егер мәселе жеке тартысқа байланысты болса, ол Данияр Елеусіновпен жаттығу залында спарринг өткізуге дайын.
Ал көпшілік алдында өтетін ресми айқас болса, Тоқтар мұны кәсіби жекпе-жек ретінде өткізуді ұсынды.
««Егер мені міндетті түрде ұру керек болса, залға келіп, спарринг өткізейік. Олимпиада чемпионынан, қазақтың ағасынан жеңілу мен үшін ұят емес. Ал бүкіл халықтың алдында жұдырықтасқымыз келсе, промоутерлермен келісіп, жақсы жекпе-жек ұйымдастырсын. Қаламақы төленсе, боксқа шығуға дайынмын», - деді Еркебұлан Тоқтар».
Актердің жауабы көп күттірмеді. Данияр Елеусінов оның видеосының астына «екіжүзді» деп пікір қалдырған. Алайда боксшы бұл комментарийін кейін өшіріп тастаған.
Бір қызығы, екі спортшының арасында мұндай пікірталас алғаш рет болып отырған жоқ. Биыл қаңтарда да Елеусінов Тоқтармен коммерциялық жекпе-жек өткізу мүмкіндігін жоққа шығармаған.
Еркебұлан Тоқтардың кәсіпқой бокста тәжірибесі бар. Ол 2022 жылы кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін өткізген. 2025 жылы Ташкентте Тимур Никулинді небәрі 48 секундта нокаутқа түсірді. Ал 2026 жылы шілдеде Алматыда Артем Тарасовты бірінші раундта жеңген.
Данияр Елеусінов - 2016 жылғы Олимпиада чемпионы. Кәсіпқой бокста 13 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен, оның тоғызы мерзімінен бұрын аяқталған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз