Ақмолада пойыз 13 малды қағып кетті: мал қайдан шықты?
Ақмола облысында жолаушылар пойызы теміржол жолына шығып кеткен малды қағып кетті. Оқиға салдарынан пойыз қозғалысы 9 минутқа тоқтаған, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері пойыздардың шұғыл тежеуіне байланысты 1005 жағдай тіркелген. Оның 746-сы ауыл шаруашылығы жануарларының теміржол жолдарына шығып кетуінен болған.
Кезекті оқиға 13 қыркүйекте Макинка – Елтай аралығында тіркелді. «Петропавл – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызының машинисі жол бойында жүрген ұсақ малды байқап, шұғыл түрде тежегішті іске қосқан. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, пойыз 13 малды қағып кеткен.
Оқиғадан кейін пойыз қозғалысы 9 минутқа тоқтатылды.
Көлік полицейлері малдың иесін анықтады. Ол Ақмола облысының 63 жастағы тұрғыны болып шыққан. Теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю талаптарын бұзғаны үшін азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көліктегі полиция департаменті теміржол маңында жануарларды қараусыз қалдыру пойыз қозғалысына және жолаушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін еске салды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз