Қорғаныс министрлігі: Әскерде намаз оқуға арнайы уақыт қарастырылмаған
Қазақстан Қарулы күштерінде әскери қызметшілерге намаз оқу үшін арнайы уақыт немесе тәртіп қарастырылмаған. Бұл туралы Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабеков мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Оның айтуынша, Қазақстан – зайырлы мемлекет, сондықтан Қарулы күштерде әскери қызмет бекітілген күн тәртібі мен жарғы талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Осыған байланысты сарбаздар әскери бөлімде белгіленген тәртіпке бағынады.
«Біздің күн тәртібімізде ондай мүмкіндік қарастырылмаған. Әскерге келген азамат әскери қызметті белгіленген тәртіп бойынша атқарады. Мемлекетіміз – зайырлы мемлекет. Конституцияға сәйкес дін әскер мен саясаттан бөлек болуы керек. Қарулы күштер – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ерекше институт», – деді Асқар Мұстабеков.
Министр орынбасары сондай-ақ заңнамада діни сеніміне байланысты әскери қызметтен босату немесе одан бас тарту мүмкіндігі көзделмегенін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай норма енгізілсе, азаматтар діни ұстанымын алға тартып, әскери міндетін өтеуден жалтаруы мүмкін.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз