Селин Дион сахнаға қайта оралды
Канадалық әнші Селин Дион алты жылдық үзілістен кейін Парижде алғашқы толыққанды концертін өткізді. Нантер қаласындағы Plenitude Arena-да ұйымдастырылған кешке 30 мың көрермен жиналды, деп хабарлайды ZontNews.kz. Euronews-ке сілтеме жасап.
Сирек кездесетін неврологиялық аурумен күресіп жүрген әнші сахнаға шыққан кезде көз жасына ерік берді.
– Бұл жол оңай болған жоқ әрі мен ойлағаннан да ұзаққа созылды. Бірақ алыстағы әлсіз жарық мені алға жетеледі. Бүгін сіздер үшін, өзім үшін және өмір үшін ән айтқым келеді, – деді Селин Дион.
Концерт барысында ол «My Heart Will Go On» және «Because You Loved Me» секілді танымал әндерін орындады. Кеш көрермендер мен музыка сыншыларының жоғары бағасына ие болды.
БАҚ мәліметінше, концертті АҚШ-тың бұрынғы бірінші ханымы Мишель Обама, сондай-ақ француз саясаткерлері Габриэль Атталь мен Эдуар Филипп тамашалаған.
Бұл – Plenitude Arena-да жоспарланған 26 концерттен тұратын серияның алғашқы кеші. Канаданың премьер-министрі Марк Карни де әншіні сахнаға оралуымен құттықтады.
Селин Дион 2022 жылғы желтоқсанда өзіне «қатаң адам синдромы» диагнозы қойылғанын жариялаған еді. Бұл – бұлшықеттердің қатаюы мен түйілуіне әкелетін сирек кездесетін аутоиммунды неврологиялық ауру.
Денсаулығына байланысты әнші концерттік қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Ұзақ үзілістен кейінгі Париждегі өнер көрсетуі оның үлкен сахнаға толыққанды оралуы ретінде бағаланды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз