Аргентина Англияны жеңіп, ӘЧ финалына шықты
Аргентина құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жартылай финалында Англияны 2:1 есебімен жеңіп, турнирдің шешуші ойынына жолдама алды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Кездесу АҚШ-тың Атланта қаласындағы "Мерседес-Бенц" стадионында өтті. Матчтағы үш голдың барлығы екінші таймда соғылды.
Есепті 55-минутта Англия құрамасы ашты. Морган Роджерстің нәтижелі пасынан кейін Энтони Гордон мергендік танытып, командасын алға шығарды.
Алайда аргентиналықтар кездесудің соңына қарай камбэк жасады. 85-минутта Энцо Фернандес алыстан дәл соққы жасап, таразы басын теңестірсе, негізгі уақытқа қосылған екінші минутта Лаутаро Мартинес әуелеп келген допты баспен қақпаға бағыттап, Аргентинаға жеңіс сыйлады.
Екі голда да нәтижелі пастың авторы Лионель Месси болды.
Осылайша, Аргентина құрамасы қатарынан екінші рет әлем чемпионатының финалына шықты. Әлем чемпионы атағын қорғайтын команда алтын жүлде үшін Испаниямен кездеседі.
Финал АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласындағы "Метлайф" стадионында өтеді. Ойын Қазақстан уақытымен 20 шілдеге қараған түні сағат 00:00-де басталады.
Ал Англия құрамасы қола жүлде үшін Франциямен кездеседі. Үшінші орынға арналған матч Майами-Гарденстегі "Хард Рок" стадионында өтіп, Қазақстан уақытымен 19 шілдеде сағат 02:00-де басталады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз