Қазақстан құрамасы Азия ойындарында жеті медаль жеңіп алды
Қазақстан құрамасы Аичи мен Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарындағы бәсекесін жалғастырып жатыр. Жарыстың алғашқы күнінен кейін ұлттық құраманың қоржынында жеті медаль бар. Оның төртеуі – алтын, деп хабарлайды ZontNews.kz.
20 қыркүйекте велошабандоздар Рината Сұлтанова мен Алексей Луценко, сондай-ақ каратэшілер Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева Азия ойындарының чемпионы атанды. Триатлоншы Арлан Жанабай мен қазіргі бессайыстан Қазақстан ерлер құрамасы қола жүлдеге ие болды. Алғашқы күннің қорытындысы бойынша Қазақстан жалпыкомандалық медальдар кестесінде төртінші орынға жайғасты.
21 қыркүйек күні таңертең қазақстандық спортшылар жүлделер үшін таласты жалғастырды.
Триатлоннан аралас эстафетада Қазақстан құрамасы 1 сағат 31 минут 45 секунд нәтижемен жетінші орын алды.
Ислам Сәтпаев, Никита Шахторин және Константин Малиновскийден құралған ерлер командасы 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен нысана көздеу сайысында жетінші нәтиже көрсетті.
Жүзуден Ксения Игнатова бірден екі финалға жолдама алды. Ол 200 метрге кешенді жүзудің іріктеу кезеңінде 2 минут 14,94 секунд нәтижемен бесінші орын иеленді. Финалдық жарыстар 21 қыркүйекте өтеді.
Үстел теннисінен Қазақстан әйелдер құрамасы таңғы кездесуде Мальдив командасын жеңіп, командалық турнирдегі өнерін жалғастырды.
Ал көгалдағы хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы Оңтүстік Кореядан 0:7 есебімен жеңілді. Бұл – қазақстандықтардың топтық кезеңдегі екінші жеңілісі. Бұған дейін команда Малайзияға 0:5 есебімен жол берген еді.
ММА шебері Санжар Әділов Қазақстан құрамасына Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілген аралас жекпе-жектен алғашқы медальді сыйлады. Ол жарыстың қола жүлдегері атанды.
21 қыркүйекте қазақстандық спортшылар ММА, каратэ, спорттық гимнастика, жүзу, волейбол, 3×3 баскетбол, бадминтон, су добы және ушу сайыстарында өнер көрсетеді. Бірқатар спорт түрінен отандастарымыз жүлдеге үміткер.
2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз