Ресейдегі парламент сайлауында «Единая Россия» партиясы көш бастады
Ресейде Мемлекеттік думаның тоғызыншы шақырылымы депутаттарын сайлау аяқталды. Үш күнге созылған дауыс беруден кейін сайлау комиссиялары бюллетеньдерді санауға кірісті, деп хабарлайды ZontNews.kz.
ВЦИОМ мен «Инсомар» ұйымдары жүргізген экзитпол нәтижелеріне сәйкес, «Единая Россия» партиясы шамамен 50 пайыз дауыс жинаған. КПРФ-ты сайлаушылардың 14–15 пайызы, ал ЛДПР-ды 10 пайызға жуығы қолдаған. Мемлекеттік думаға «Новые люди» және «Справедливая Россия» партияларының да өтуі болжанып отыр.
Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы ұсынған мәлімет бойынша, Мәскеу уақытымен сағат 21:00-де сайлаушылардың қатысу көрсеткіші 56,6 пайызға жеткен. Бұл 1993, 2016 және 2021 жылдардағы көрсеткіштерден жоғары. Алдын ала нәтижелер учаскелік комиссиялардың хаттамалары мен электронды дауыс беру деректері өңделген сайын жарияланады. РБК осы деректерді растады.
Дауыс беру Ресей бақылауындағы Украина аумақтарында да ұйымдастырылды. Еуроодақ аталған өңірлердегі сайлау нәтижелерін мойындамайтынын мәлімдеді. Халықаралық ақпарат құралдары сайлаудың бәсекелестік деңгейі мен бақылау мүмкіндіктеріне қатысты сын айтылғанын жазды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз