Шымкентте қызға тиіскен тұрғын сотталды
Шымкентте сегіз жасар қызға әдепсіз әрекет жасаған 56 жастағы тұрғын 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Оқиға көпқабатты үйдің бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Оқиға биыл сәуір айында болған. Тергеу мәліметінше, ер адам көршінің қызын шоколад алып беретінін айтып шақырған. Кейін оның артынан лифтке кіріп, ақша ұсынған. Қыз қауіп төнгенін сезіп, қашуға әрекет жасаған. Алайда ер адам оны құшақтап, денесіне қол тигізіп үлгерген.
Жәбірленушінің адвокаты Есбол Әбдірахмановтың айтуынша, бейнежазбада айыпталушының қыздың артынан қалмай жүргені көрінеді. Сондай-ақ баланың жауабы да іс материалдарына тіркелген.
Қыз үшінші қабаттан тоғызыншы қабатқа дейін жүгіріп барып, көршілерден көмек сұраған. Пәтерлердің бірінен тұрғын шыққаннан кейін ер адам кері қайтқан.
Баланың анасы болған жағдайдан кейін қызының ер адамдардан қорқып қалғанын айтты. Отбасы басқа жерге көшіп, қыздың мектебін ауыстыруға мәжбүр болған. Қазір онымен мамандар жұмыс істеп жатыр.
Бастапқыда сот айыпталушыға 216 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Бұл шешімге келіспеген жәбірленуші тарап шағым түсірген. Іс қайта қаралып, ер адамның әрекеті толық дәлелденді.
Сот оны педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырды. Сонымен қатар 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сотталушы – екінші топтағы мүгедектігі бар, тұрақты жұмысы жоқ бес баланың әкесі. Жұбайы бірнеше жыл бұрын қайтыс болған. Оның кәмелетке толмаған балалары Шымкент қаласы білім басқармасының қамқорлығына беріледі.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз