Қошанов Халық Кеңесінің төрағасы болды
Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Жасырын дауыс беру кезінде оның кандидатурасын 120 адам қолдады. Қарсы дауыс бергендер болған жоқ, бір қатысушы қалыс қалды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Дауыс беру қорытындысын Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов жариялады.
Қошановтың кандидатурасын жаңа органның алғашқы сессиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын.
«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес, төраға Кеңес мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен төрт жыл мерзімге сайланады. Дауыс беру жасырын түрде өткізіледі.
Сайлаудан кейін Ерлан Қошанов жаңа органның алдында тарихи міндет тұрғанын айтты.
«Біз бұл институттың жұмысын нақты мазмұнмен толықтыруымыз керек. Халық Кеңесі шын мәнінде халықтық сипатқа ие болып, өз атауына толық сай болуы тиіс. Ол азаматтар мен мемлекеттің тұрақты әріптестік алаңына айналып, адамдардың пікірі мен бастамасы елдің дамуына ықпал етуі керек», – деді Қошанов.
Ол Халық Кеңесіне конституциялық мәртебе берілуі халықтың мемлекеттің стратегиялық серіктесі екенін көрсететінін атап өтті.
Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы 23–24 қыркүйекте Астанада өтіп жатыр. Бұған дейін Мемлекет басшысы құрамына 126 адам енген Кеңес құрамын бекіткен еді.
Қазақстан Халық Кеңесі – ел халқының мүддесін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз