Зейнеткер ЖИ көмегімен тұрғынды алдады
Қытайда 65 жастағы әйел жасанды интеллектінің көмегімен өзін жас бойжеткен ретінде таныстырып, ер адамның 180 мың юаньнан астам ақшасын иемденген. Бұл туралы NDTV-ге сілтеме жасаған ZontNews.kz. хабарлайды.
Оқиға Қытайдың Аньхой провинциясында болған. Полиция мәліметінше, Ван есімді зейнеткер әлеуметтік желіде өзін жас, сұлу әрі табысты бойжеткен ретінде көрсеткен. Ол нейрожелілер мен арнайы сүзгілер арқылы жасалған фотосуреттерді және дауыстық хабарламаларды пайдаланып, Ли есімді тұрғынның сеніміне кірген.
Біраз уақыттан кейін әйел медициналық шығындар мен қаржылық қиындықтарды сылтауратып, ер адамнан ақша сұрай бастаған. Ли оған жалпы сомасы 180 мың юаньнан астам, яғни шамамен 25 мың доллар аударған.
Ер адам виртуалды «сүйіктісінің» кездесуден және бейнеқоңыраудан үнемі бас тартатынын байқағаннан кейін күдіктенген. Кейін ол полицияға арызданды.
Тергеу барысында құқық қорғау органдары күдіктінің жеке басы мен мекенжайын анықтады. Жас бойжеткеннің кейпіне енген адамның 65 жастағы зейнеткер екені белгілі болды.
Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қазір полиция қаражатты қайтару және оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз