Алматыда жылына мың робот шығарылады
Алматыда білім беру жиынтықтарынан бастап гуманоид модельдерге дейінгі роботтар өндірісі іске қосылмақ. Қазақстандық NERO GROUP пен қытайлық UBTECH Robotics жалпы құны шамамен 440 млн доллар болатын бірлескен жобаны жүзеге асыруға кірісті, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Өндіріс Алматыдағы арнайы экономикалық аймақ аумағында орналасады. Жоба аясында гуманоид және сервистік роботтар, білім беруге арналған робототехникалық жиынтықтар шығару, сондай-ақ зерттеу, жаңа технологиялар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу көзделген. Осы мақсатта ауданы шамамен 25 мың шаршы метр болатын орталық салынып жатыр.
NERO GROUP бас директоры Ерлан Нәбиевтің айтуынша, жобаның мақсаты тек дайын өнімді құрастырумен шектелмейді. Қазақстанда зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, бағдарламалау мен технологиялық әзірлемелерді дамыту жоспарланған. Компания роботтар адамдарды алмастырмай, олардың көмекшісіне айналуға тиіс екенін атап өтті.
Алғашқы кезеңде білім беру робототехникасын өндіру қолға алынады. Алматыдағы өндіріс 2026 жылғы қазанда басталады деп жоспарланған. Жыл соңына дейін робототехникалық жиынтықтармен қаланың шамамен 30 мектебін, ал 2028 жылға қарай 200-ден астам мектепті қамту көзделген. Бұл бағыттың өндірістік қуаты жылына 50 мың жиынтықты құрайды.
Оқушылар осы жиынтықтар арқылы роботтарды өздері құрастырып, бағдарламалауды және жасанды интеллект технологияларын меңгере алады. Компания өкілдері олардың Қазақстанда өндірілетін отандық роботтар болатынын мәлімдеді.
Сервистік және гуманоид роботтар өндірісін жергіліктендіру 2027 жылдың екінші тоқсанында басталмақ. Кәсіпорынның жылдық қуаты мың роботқа дейін жетеді. Оларға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету де Қазақстанда әзірленеді. Болашақта мұндай роботтарды білім беру саласынан бөлек, қызмет көрсету, өнеркәсіп және логистика бағыттарында пайдалану жоспарланып отыр.
Жобаға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Satbayev University ғалымдары да тартылады. Олар робототехника саласындағы зерттеулер мен әзірлемелерге қатысады.
Жобаның тарихы 2025 жылғы қарашада басталған. Алматы әкімдігінің ұсынысымен NERO GROUP өкілдері UBTECH Robotics басшылығымен кездескен. Кейін Қазақстан мен Қытай арасындағы форум барысында тараптар робототехника өндірісін Қазақстанда жергіліктендіру туралы келісімге қол қойған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз