Қаза тапқан әскерилердің отбасыларына 25 млн теңгеден беріледі
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты құрылған үкіметтік комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәліметінше, қайғылы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» және 465-бабы – "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Тергеу жүргізу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Қазіргі уақытта бірқатар тергеу және жедел іздестіру іс-шаралары жүргізіліп, қажетті сот сараптамалары тағайындалған.
Қанат Бозымбаев оқиғаның барлық мән-жайын қысқа мерзімде анықтап, қайғылы жағдайға кінәлі тұлғаларды заң аясында жауапқа тартуды тапсырды.
Отырыста қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету мәселесіне ерекше назар аударылды. Вице-премьер оларға мемлекет тарапынан қажетті әлеуметтік және материалдық қолдау көрсетілетінін айтты.
«Заңда көзделген материалдық көмектен бөлек, көмек көрсеткісі келетін азаматтардан көптеген өтініш түсіп жатыр. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсететіндерін мәлімдеді. Олардың біреуі қаза болған әр әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңгеден бөлді. Сондай-ақ бірқатар ірі бизнес өкілдері де материалдық көмек көрсетуге ниет білдірді», – деді Қанат Бозымбаев.
Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп, отбасыларға бағытталған қаражаттың ашық әрі толық бөлінуін бақылауды тапсырды.
Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов оқиғадан кейін ауруханаға жеткізілген әскери қызметшінің жағдайы тұрақты екенін хабарлады. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу кезінде болды. Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.
Нақтыланған мәлімет бойынша, суға кеткен 17 адамның 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Қаза тапқандардың арасында 11 матрос пен бір аға лейтенант бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Мемлекет басшысының өкімімен 25 қыркүйек Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз