Үш сарбаздың денесі Оралға жеткізілді
Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан үш әскери қызметшінің денесі Орал қаласына жеткізілді, деп хабарлайды ZontNews.kz. Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
25 қыркүйекте сағат 08:45-те Орал әуежайына Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Ғилаждың денелерін алып келген арнайы рейс қонды. Марқұмдармен қоштасу рәсімі мен жерлеу 26 қыркүйекте өтеді.
Әкімдік мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаза тапқандардың отбасыларына жергілікті атқарушы органдар тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ бизнес өкілдері де қолдау білдіреді. Қазіргі уақытта жерлеу рәсімін ұйымдастыру бойынша қажетті шаралар қабылданып жатыр.
Жағдай Батыс Қазақстан облысы әкімінің жеке бақылауында.
24 қыркүйекте Каспий теңізінде өткен оқу-жаттығу кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан 17 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылды.
Осы қайғылы оқиғаға байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» және «Кеме жүргізу қағидаларын бұзу» баптарымен екі қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер анықталды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз