ШҚО-да мотоцикл мінген жасөспірім қаза тапты
Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында спорттық мотоцикл басқарған 13 жастағы қыздың қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға кезінде онымен бірге болған 15 жастағы жолаушы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
ШҚО Полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, жасөспірім тұрғын үй маңында жылқыны бағанаға байлау үшін тартылған арқанға соғылған. Мотоциклді басқарған қыз алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Риддер қаласының полиция бөлімі кәмелетке толмаған адамның абайсызда қаза болу дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Құқық қорғау органдары жануардың иесін анықтап, полиция бөліміне жеткізген.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық істің барысы Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды.
Полиция мал иелерін жануарларды жаю мен айдап өтудің белгіленген талаптарын сақтауға шақырды. Автомобиль жолдарының маңында мал жаюға тыйым салынатыны ескертілді.
Сонымен қатар ведомство ата-аналарға балалардың көлік құралдарын басқаруына жол бермеу қажеттігін еске салды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз