Эльвира Азимова Конституциялық сот төрағасы болып тағайындалды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Эльвира Әбілхасымқызы Азимова Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы ZontNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Эльвира Азимова жаңа қызметке дейін Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарды. Ол бұл лауазымға 2019 жылғы 2 қыркүйекте тағайындалып, жеті жылға жуық уақыт бойы азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында жұмыс істеді.
Эльвира Азимова 1973 жылғы 15 ақпанда дүниеге келген. 1996 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін халықаралық заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1996 жылы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде бастаған. Алғашқы жылдары халықаралық құқықтық қамтамасыз ету саласында жетекші және бас кеңесші қызметтерін атқарды.
1999-2005 жылдары Әділет министрлігінің заңнама, халықаралық құқық және хаттама бағыттарындағы құрылымдарында басшылық қызметтерде жұмыс істеді. Кейін заңға тәуелді актілер мен халықаралық құқық, мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау, келісімшарттық және талап-арыз жұмыстары бағыттарына жетекшілік ететін департаменттерді басқарды.
2010 жылы Әділет министрлігінің Халықаралық шарттарды сараптау департаментінің директоры қызметіне тағайындалды. Ал 2013 жылы Әділет министрінің орынбасары болды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз