Сенбі, 20 Маусым 2026 г.

$ 488.18
559.6
6.65
  • Алматы
    23°C
    • Астана
      21°C
Ру

Шамалғанда көктем көркі: «Атамекенде» ұлттық киімдер сәні ұсынылды

Фото көзі: Жеке мұрағаттан алынған фото
ZontNews.kz
Наурыз 30, 2026, 10:18 Т.Ж.

Көктемнің шуақты күндерімен қатар келген мерекелік көңіл күй Шамалғандағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында ерекше сезілді. Мұнда «Ұлт өрнегі – ұрпақ өнегесі» атты ұлттық киімдер сән көрмесі өтіп, келушілерге қазақы нақыштағы әсем дүниелер ұсынылды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Көрмеге жиналған жұртшылық алдымен көз тартар күміс әшекейлерге, түрлі-түсті тастармен көмкерілген алқа, білезік, сырға мен шекеліктерге назар аударды. Әсіресе, қыз-келіншектерге арналған бұйымдардың нәзік талғаммен жасалғаны көпшілікті тәнті етті.

Экспозицияның негізгі бөлігін Қарасай өңіріне танымал Бекдайыр әулетінің қолөнер туындылары құрады. Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген бұл бұйымдар бұған дейін де республикалық байқауларда жоғары бағаланып, бас жүлделерге ие болған.

Көрмені тамашалауға келген Ә. Бұқарбайқызы және Қарасай батыр атындағы мектептердің жоғары сынып оқушылары үшін бұл шара ерекше әсерлі өтті. Олар тек көріп қана қоймай, ұлттық киімдерді киіп көріп, заманауи сән үлгісінде шағын көрсетілім де жасады.

Көрме барысында ұлттық киімнің тек сәндік емес, тәрбиелік мәні де кеңінен насихатталды. Әрбір ою-өрнектің, әрбір әшекейдің астарында халқымыздың тарихы мен дүниетанымы жатқанын ұйымдастырушылар ерекше атап өтті.

Орталықтың аға ғылыми қызметкері Абу Алпамыс та көрменің маңызын тілге тиек етті:

 Ұлттық киім – бұл жай ғана киім емес, ол халқымыздың тарихы мен рухани жадын сақтайтын құндылық. Осындай көрмелер арқылы біз жастарға ата-баба мұрасын жақындатып, оның мәнін түсіндіре аламыз, – деді ол.

Сондай-ақ, орталықтағы үлкен экранда қазақ халқының қола дәуірінен бастау алатын байырғы тарихы туралы қысқаша бейнематериал көрсетіліп, көрме мазмұнын тереңдете түсті.

Көрменің басты мақсаты – өткен мен бүгіннің сабақтастығын көрсету. Келушілер экспозициямен танысып, өз әсерлерімен бөлісіп, ұлттық мұраға деген қызығушылықтарының артқанын жасырмады.

Осылайша, «Атамекен» орталығындағы көрме көктем мерекесінің сәнін келтіріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жарқын үлгісіне айналды.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз