Қызылордада бойжеткенді өлтірген азамат сотталды
Қызылорда облысында кәмелетке толмаған қызды өлтірген 22 жастағы ер адамға сот үкімі шықты. Ол 20 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ZontNews.kz. «Жетінші арнаға» сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, биыл маусым айында бойжеткен үйінен құрбысына баратынын айтып шығып, қайта оралмаған. Бір тәуліктен кейін оның денесі Жахаев каналынан табылған.
Кісі өлтірді деген күдікпен бұрын сотталған, отбасылы 22 жастағы ер адам ұсталды. Тергеу барысында оның қылмысқа қатысы толық дәлелденген. Сотталушы соңғы сөзінде кінәсін мойындап, марқұмның туыстарынан кешірім сұрады.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 14-тармағы бойынша кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен оған 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Сонымен қатар одан жәбірленуші тараптың пайдасына моральдық зиян үшін 10 миллион теңге және мемлекет кірісіне 2162 теңге мемлекеттік баж өндірілетін болды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз