Қазақстанда «жасыл» сутегі мен аммиак өндіретін кешен салынуы мүмкін
Қазақстан-Корея ынтымақтастығы аясында Шығыс Қазақстан облысында «Жасыл энергетикалық кешен» жобасын іске асыру мәселесі пысықталуда, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Осы бағытта ҚР Энергетика министрлігі, ШҚО әкімдігі және YPP Corporation арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Жоба жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және сутегі энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған. Кешен құрамында жалпы қуаты шамамен 1 ГВт болатын жаңартылатын энергия көздері нысандарын салу жоспарлануда.
Жоба іске асқан жағдайда жылына 55 мың тоннаға дейін «жасыл» сутегі немесе 310 мың тоннаға дейін «жасыл» аммиак өндіру мүмкіндігі қарастырылған. Жобаның алдын ала құны шамамен 2 млрд доллар деп бағаланып отыр.
Қазір тараптар жобаның техникалық және экономикалық орындылығын зерттеп, талдау және зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Оның іске асырылу мүмкіндігі анықталғаннан кейін нақты параметрлері белгіленеді.
«Жасыл» сутегі металлургия, химия өнеркәсібі, энергетика және көлікте төмен көміртекті отын әрі шикізат ретінде қолданылуы мүмкін. Ал «жасыл» аммиак тыңайтқыш өндірісінде және химия өнеркәсібінде пайдаланылып, болашақта төмен көміртекті энергия тасымалдаушы ретінде халықаралық нарыққа шығарылуы мүмкін.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз