Дүйсенбі, 21 Қыркүйек 2026 г.

$ 446.85
513.27
5.31
  • Алматы
    23°C
    • Астана
      20°C
Ру

Дінмұхаммедтің өліміне қатысты іс жабылды

Фото көзі: : ашық дереккөзден
ZontNews.kz
Там. 21, 2026, 6:20 Т.Қ.

Ақмола облысының Целиноград ауданында көкпар кезінде қаза тапқан 13 жастағы Дінмұхаммедтің өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды ZontNews.kz. NewTimes.kz басылымына сілтеме жасап.

Тергеу органдары қылмыс құрамы жоқ деп танып, болған жағдайды жазатайым оқиға деп бағалаған. Алайда марқұмның отбасы бұл шешіммен келіспей, тергеуді қайта бастауды талап етіп отыр

Қайғылы оқиға 26 мамырда болған. Марқұмның туысы Перизат Төлегеннің айтуынша, алдымен алаңға ересектер, кейін жасөспірімдер шыққан. Ойын кезінде Дінмұхаммед басынан ауыр жарақат алып, көз жұмды.

Сараптама қорытындысында жасөспірімнің шүйде сүйегі сынғаны, миына қан құйылғаны және мойын омыртқалары арасындағы байлам үзілгені көрсетілген. Мамандар жарақаттардың барлығы бала тірі кезінде қатты әрі доғал заттардың соққысынан пайда болғанын анықтаған.

Туыстарының сөзінше, қарсылас команданың ойыншысы қатты жылдамдықпен келіп, Дінмұхаммед мінген атпен соқтығысқан. Кейін оның үстінен секіріп өткен болуы мүмкін. Жауап алу кезінде жас ойыншы соқтығысқанын растағанымен, марқұмға аттың тұяғы тигенін жоққа шығарған. Ал куәгерлер жасөспірімнің қалай құлағаны туралы әртүрлі жауап берген.

Марқұмның жақындары оқиға кезінде көтерілген қалың шаң куәгерлерге жағдайды анық көруге мүмкіндік бермеді деген нұсқаға да күмән келтіреді.

– Бұл үлкен стадион емес, шағын ғана шөпті алаң. Бізге шаңның қатты көтерілгені сонша, ешкім ештеңе көрмеді деді. Бірақ оқиға орнына барғанымызда, аттар аздап шаң көтерген күннің өзінде ойыншылардың анық көрінетініне көз жеткіздік, – деді Перизат Төлеген.

Қылмыстық іс жасөспірімнің қазасынан екі ай өткен соң, 29 шілдеде тоқтатылған.

Дінмұхаммедтің өлімінен кейін Спорт істері комитеті жаппай көкпар федерациясының аккредитациясын бір айға тоқтатқан еді. Марқұмның отбасы істің мән-жайы толық анықталмағанын айтып, тергеуді қайта жүргізуді сұрап отыр.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз