Астанада 3,9 млрд теңгелік іс бойынша құрылысшыға қатысты тергеу жүріп жатыр
Астана қаласында 3,9 млрд теңге көлеміндегі қаражатқа қатысты алаяқтық ісі бойынша кәсіпкер Мөлдір Суюншали күдікті ретінде тергеліп жатыр. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады, деп хабарлайды ZontNews.kz. Exclusive.kz.- ке сілтеме жасап.
Тергеу дерегінше, 2021–2024 жылдар аралығында ол өзіне қарасты компаниялар арқылы Nura Elite коттедж қалашығы құрылысына қаражат тартқан. Жоба 37 коттедж бен 24 таунхаус салуды көздеген, алайда олардың бір бөлігі әлі күнге дейін толық аяқталмаған – тек қаңқалары ғана тұрғызылған.
Тергеу мәліметі бойынша, 56 адам зардап шеккен, ал жиналған қаражат көлемі 3,9 млрд теңгені құраған.
Сондай-ақ, қаражаттың бір бөлігі – шамамен 322 млн теңге – күдікті мен оның туыстарының шоттарына аударылғаны, ал 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылғаны анықталған. Бұдан бөлек, бір үйдің бірнеше рет сатылғаны және жер телімдеріне заңсыз иелік ету фактілері тіркелген.
Жоба туралы ақпараттың бір бөлігі Biz Birgemiz қоры арқылы таралғаны да айтылды.
Сот күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Мөлдір Суюншали бұрын Forbes Kazakhstan-ның «30 under 30» рейтингіне енген.
Заң бойынша, сот үкімі күшіне енгенге дейін адам кінәсіз деп есептеледі.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз