Алматыда панасыз адамдарға рейд жүргізілуде
Алматы полициясы тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарды анықтау және оларға қажетті көмек көрсету мақсатында профилактикалық рейдтер өткізіп жатыр, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығына 388 адам жеткізілген. Олардың 54-і қосымша көмек алу үшін орталықта қалған. Өзгелері тексеруден және алғашқы медициналық байқаудан өткен соң ұсынылған көмектен бас тартқан.
Рейд кезінде учаскелік инспекторлар көшеде жүрген адамдардың жеке басын анықтап, оларды ақпараттық базалар арқылы тексереді. Қажетті негіздер болған жағдайда азаматтар бейінді әлеуметтік және медициналық қызметтерге жіберіледі.
«Учаскелік инспектордың міндеті – көшеде қалған адамды анықтаумен ғана шектелмейді. Оның жеке басын анықтап, қандай көмекке мұқтаж екенін білу және тиісті негіздер болған жағдайда бейінді қызметтерге жіберу маңызды. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатерлердің алдын алып, құқық бұзушылықтарды дер кезінде тоқтатуға тиіспіз. Сондықтан мұндай рейдтер, ең алдымен, профилактикалық сипатта жүргізіледі», – деп түсіндірді Алматы полициясы.
Бұған дейін Алматының шетінде тұратын тұрғындар аудандағы жалғыз саябақтың панасыз адамдар жиналатын орынға айналғанын айтып шағымданған еді. Олардың сөзінше, бұл адамдар саябақта шу шығарып, алкоголь ішеді және өтіп бара жатқан тұрғындарға тиіседі.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз